Басты бет / Жаңалықтар /
301cde9eb1f36973de426175965d5863 Кен іздеу, ұзақ экспедиция, жер қойнауын зерттеу: геолог мамандығының қыр-сыры
Фото: Baribar.kz/Жасанды интеллект

Кен іздеу, ұзақ экспедиция, жер қойнауын зерттеу: геолог мамандығының қыр-сыры

Жер бетіндегі қарапайым тас бір қарағанда еш ерекшелігі жоқ зат болып көрінуі мүмкін. Алайда геолог үшін оның пішіні, түсі, сызығы мен жарығы – миллион жылдық тарихтан сыр шертетін белгілер. Бір жыныстың құрылымынан ежелгі мұхиттың ізін, жанартау атқылаған кезеңді немесе жер қыртысында болған өзгерістерді тануға болады.
Геолог мамандығының қызығы да осында: көзге көрінбейтін жер қойнауының сырын ашып, табиғи байлық қайда жатқанын анықтау. Бұл жұмыс тек кен іздеумен шектелмейді. Мамандар жер қыртысының құрылысын зерттейді, тау жыныстарынан сынама алады, кен қорының көлемі мен сапасын бағалайды, ал зерттеу нәтижелерін арнайы карталар мен модельдерге түсіреді.
Геолог Әбілқайыр Ахметов осы салада 10 жылдан бері еңбек етіп келеді. Оның айтуынша, геология – далалық зерттеуді, ғылыми талдауды және үлкен жауапкершілікті қатар талап ететін мамандық. Baribar.kz тілшісі маманмен тілдесіп, геолог жұмысының ерекшелігі, экспедициядағы қиындықтар мен заманауи технологиялардың салаға әсері туралы білді.

Геолог қарапайым тастан не байқайды?

Геологтың жұмысы жер бетіндегі тау жыныстарын зерттеуден басталады. Маман тау жыныстарының құрамын, құрылымын, қабаттары мен жарықшақтарын қарап, жер қыртысы қалай қалыптасқанын анықтауға тырысады. Кейін даладан алынған үлгілер зертханаға жіберіліп, олардың минералдық, химиялық және физикалық қасиеті тексеріледі.

«Аяқ астындағы тастардың пішініне, қабаты мен жарықшағына қарап, ол жерде миллиондаған жыл бұрын мұхит болғанын, жанартаулар атқылағанын немесе күшті жер сілкінгенін анықтауға болады», – дейді Әбілқайыр.

Мұндай зерттеулер тек Жердің өткенін тану үшін қажет емес. Геологиялық мәлімет пайдалы қазба іздеуге, кен орындар қорын бағалауға және құрылыс жүргізілетін аумақтың ерекшелігін анықтауға көмектеседі.

Геологтар мұнай, газ, көмір, алтын, алмас, қара және түсті металдар сияқты пайдалы қазбаларды іздейді. Ғимарат, көпір, жол немесе бөгет салынатын жердің топырағы мен жер асты суын да зерттейді. Өйткені құрылыс нысанының беріктігі де жердің физикалық қасиетіне байланысты.

Жаңа кен орнын іздеу: болжамнан нақты нәтижеге дейін

Әбілқайыр Ахметов қазіргі жұмысы бойынша, жаңа кен орны болуы мүмкін учаскелерді анықтайды. Ол алдымен аумақтың геологиялық ерекшелігін зерттеп, болжамды жерлерді бағалайды. Кейін пайдалы қазба қоры есептеліп, санаттар бойынша сараланады. Зерттеу нәтижесі бойынша, кен қоры мемлекет балансына қойылады.

Маман жұмыс істеп тұрған кен орындарын да зерттейді. Мұндайда кеннің технологиялық ерекшеліктеріне баға беріп, қорын қайта есептейді. Қай аумақтан пайдалы қазба өндіру экономикалық тұрғыдан тиімді, ал қай жердегі жұмыстың қаупі көп екенін анықтайды.

«Тек ғылыми болжамға сүйеніп, далада апталап жүріп, соның нәтижесінде жаңа кен орнын немесе бағалы минералды өз көзіңмен көріп, қолыңмен ұстаған сәттегі қуанышты ешнәрсеге айырбастау мүмкін емес. Ол – көп ізденістің, қажырлы еңбектің және ғылыми жеңістің ең биік шыңы», – дейді геолог.

Алайда экспедицияның бәрі бірдей сәтті аяқтала бермейді. Кейде болжанған кен қоры күткеннен аз болады немесе оның орналасуы өндіруді қиындатады. Мұндай жағдайда зерттеу нәтижелерін қайта қарап, басқа шешім іздеуге тура келеді.

Әбілқайырдың айтуынша, сәтсіз нәтиженің өзі тәжірибе жинауға көмектеседі. Әр зерттеу жер қойнауының құрылымын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.

Геолог үшін далалық жұмыстың қиындығы да аз емес. Ұзақ экспедиция, қолайсыз күн райы мен белгіленген аумақты мұқият зерттеу төзімді болуды талап етеді. Бұған қоса, маман жердің физикалық қасиетін ескеріп, қоршаған ортаға зиян келмейтін тиімді өндіру технологиясын таңдауға да қатысады.

геолог
Фото: геолог Әбілқайыр Ахметовтың жеке мұрағатынан

Геологияға кездейсоқ келген маман

Әбілқайыр бұл мамандықты бала кезден армандамаған. Мектеп бітірген соң ҰБТ нәтижесіне қарай әпкесімен ақылдасып, геология бағытына құжат тапсырған. Бастапқыда өзіне таныс емес салаға түскенімен, уақыт өте келе мамандыққа қызығушылығы артқан.

«Бұл мамандықты арнайы іздеп таңдағаным жоқ. Мектеп бітіргеннен кейін ҰБТ тапсырып, жинаған ұпайымызға қарай әпкем екеуіміз ақылдаса келе осы салаға құжат тапсырдық. Осылай өзіме таныс емес мамандықты оқи бастадым. Таныс емес сала болғандықтан ба, мамандыққа ерекше ықыласым ауып, көп іздендім», – дейді ол.

Қазір геология саласында он жылдық тәжірибесі бар маман үшін кәсіби біліммен қатар, мұқият әрі жан-жақты болу маңызды. Себебі геолог далалық зерттеу жүргізіп қана қоймай, зертхана нәтижелерін талдап, карта мен модель әзірлеп, қорытынды есеп дайындайды.

Жасанды интеллект геологтың жұмысын қалай өзгертті?

Бүгінде геологтер бұрынғыдай тек қағаз карталар мен далалық құралдарға сүйенбейді. Арнайы бағдарламалар арқылы геологиялық карталар, қималар және кен орындарының үшөлшемді модельдері жасалады. Цифрлық технологиялар үлкен көлемдегі деректерді өңдеуге де көмектеседі.

Әбілқайырдың айтуынша, жасанды интеллект пен заманауи бағдарламалар, әсіресе камералдық жұмыстарды жеделдеткен.

«Жасанды интеллект пен заманауи бағдарламалар камералдық өңдеу жұмыстарын жеделдетіп, уақыт пен дене күшін үнемдеуге көп көмектеседі. Деректерді лезде талдап, геофизикалық модельдер құру жұмыс сапасын бірнеше сатыға көтерді», – дейді ол.

Дегенмен технология геологтің тәжірибесін алмастырмайды. Деректерді дұрыс түсіндіру, зерттеу нәтижесін бағалау және нақты шешім қабылдау үшін маманның білімі қажет.

геолог
Фото: геолог Әбілқайыр Ахметовтың жеке мұрағатынан

Халықаралық компанияда жұмыс істеу үшін не білу керек?

Әбілқайыр үш жыл бойы шетелдік компанияда еңбек еткен. Оның айтуынша, халықаралық ортада жұмыс істеу үшін шет тілдерін білу және арнайы геологиялық бағдарламаларды меңгеру маңызды.

«Шетел компанияларында жұмыс істеу үшін тіл білу және арнайы бағдарламалармен жұмыс істей алу керек. Ең бастысы, оларды меңгеріп қана қоймай, жұмыс барысында тиімді қолдана білу керек», – дейді маман.

Ол геологияға қызығатын жастарға бір орында тоқтап қалмай, үнемі білімін жетілдіруге кеңес береді. Бірнеше тілді меңгеріп, цифрлық құралдарды қолдана білу маманның кәсіби мүмкіндігін кеңейтеді.

«Жан-жақты болыңыз, бір орында тоқтап қалмаңыз. Бірнеше тілді еркін меңгеріп, заманауи геологиялық бағдарламалармен жұмыс істеуді үйреніңіз. Бұл болашақта сізге еліміздің жетекші кәсіпорындарында немесе халықаралық шетелдік компанияларда еңбек етуге кең жол ашады», – дейді Әбілқайыр Ахметов.

геолог
Фото: геолог Әбілқайыр Ахметовтың жеке мұрағатынан

Қаныш Сәтбаев – жас геологтерге үлгі

Қазақстан геологиясының тарихында Қаныш Сәтбаевтың орны ерекше. Академиктің ғылыми еңбектері мен еліміздің минералдық-шикізат қорын зерттеуге қосқан үлесі бірнеше буын геологке бағыт-бағдар болды.

Ғалымды осы саланың өкілдері үлгі тұтады.

«Қаныш Сәтбаев елімізде ғылым академиясын ашып, отандық геология саласының мықты іргетасын қалады. Ашқан кен орындары бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан экономикасының қуатты арқауы болып отыр. Оның өмір жолы – әрбір геолог үшін қашанда биік үлгі», – дейді ол.

Геолог мамандығы сырт көзге ұзақ экспедиция мен кен іздеуден ғана тұратын сияқты көрінуі мүмкін. Алайда оның астарында күрделі ғылыми зерттеу, есептеу, талдау және көп жауапкершілік жатыр. Ал жер астындағы байлықты табу үшін кейде миллиондаған жылдық тарихты сақтап тұрған қарапайым тастың өзіне мұқият үңілсе жеткілікті.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін шетелдік компанияға жұмыс істейтін мұғалім, балықты емдейтін ихтиопатолог маманы және дубляж актерінің жұмысы туралы сұхбаттар жариялаған едік.

Жаңартылды:

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?