Басты бет / Жаңалықтар /
Шымкент қаласы колладж
Фото: ЖИ

Банан баудан Жапон бағына дейін: Шымкент туристерге не ұсынады?

Шымкент туралы ойға алғанда, көпшіліктің есіне жылы ауа райы, қайнаған тіршілікке толы базарлары, дәмді тағамдарымен танылған оңтүстік мегаполис түседі. Алайда қаланың туристік келбеті мұнымен шектелмейді. Қазақстанның бірнеше өңірінен, Түркия, Оңтүстік Корея, Қытай, Әзербайжан және Өзбекстаннан келген журналистер мен блогерлер Шымкенттің туристік аймақтарын аралап шықты.
Visit Shymkent ұйымдастырған үш күндік баспасөз турына қатысқандар көне қаланы аралап, тарихи кесенелерге барды, ұлттық қолөнермен танысты, жасыл саябақтарды көріп, өндіріс орындары мен банан өсіретін жылыжайды тамашалады. Baribar.kz тілшісі де сапарға қатысып, оңтүстіктің туристік әлеуетін, қала қонақтарына ұсынылатын бағыттарды және Шымкенттің өзгеше қырларын зерттеп қайтты.

Шымкентті жаңа қырынан тану

Шымкент қаласы, қызғалдақ, гүл
Фото: Жазира Пірімқұл

Шымкентте ғасырлар қойнауынан жеткен тарихи мұра, халықтың рухани жадында сақталған киелі орындар, дәстүрлі қолөнер, заманауи саябақтар мен өндірістік кәсіпорындар қатар дамып келеді. Қалаға бірнеше күнге келген турист бір сапардың ішінде көне өркениеттің ізін де, қазіргі мегаполистің тынысын да көре алады. Осы ерекшеліктерді таныстыру үшін Visit Shymkent үш күндік баспасөз турын ұйымдастырды.

«Шымқала»: көне шаһардың тарихына саяхат

Алғашқы нысандардың бірі – «Шымқала» тарихи-мәдени кешені. Бұл жерде Шымкенттің тарихын түсінетін маңызды орындар бар. Қазіргі қаланың қарбалас тіршілігімен қатар, осы аумақта ғасырлар бойы қалыптасқан қалалық мәдениеттің ізі сақталған.

545b691e239b13beee1a446378634179 Банан баудан Жапон бағына дейін: Шымкент туристерге не ұсынады?
Фото: Жазира Пірімқұл
879c131363fecbd617c89e2cd10eaa6a Банан баудан Жапон бағына дейін: Шымкент туристерге не ұсынады?
Фото: Жазира Пірімқұл

Археологиялық зерттеулер Шымкенттің тарихы 2200 жылдан асатынын көрсетеді. Көне қаланың орнына орналасқан тарихи-мәдени кешенде бұрынғы бекініс құрылымдарын, археологиялық зерттеулерге қатысты экспозицияларды және өткен дәуірлердегі қала өмірін бейнелейтін кеңістіктерді көруге болады. Мұнда Шымкенттің бүгінгі мегаполиске айналғанға дейінгі ұзақ жолын ойланасың.

b570c4bec0bc5e064743b2d1970b31e1 Банан баудан Жапон бағына дейін: Шымкент туристерге не ұсынады?
Фото: Жазира Пірімқұл

Кітаптан оқитын тарихи дерек бір басқа, ал көне қаланың орнында тұрып, оның құрылымын көз алдыңа елестету бір басқа. Әсіресе, шетелдік қонақтар үшін мұндай нысандар Қазақстанның тарихы мен мәдениеті туралы түсінікті кеңейтуге көмектеседі.

9c281278af9353678fba95d7b73f112f Банан баудан Жапон бағына дейін: Шымкент туристерге не ұсынады?
Фото: Жазира Пірімқұл

Тарихи кешенді аралау барысында қаланың көне дәуірдегі тіршілігін, қорғаныс жүйесін, сауда байланыстарын және аймақтың мәдени дамуындағы орнын түсіндіретін сапалы экскурсияның маңызы байқалады. Тарихи орын тек суретке түсетін нүкте болып қалмауы керек. Келуші сол жерден қандай да бір жаңа білім алып, қаланың өткеніне қатысты түсінігін тереңдетіп қайтқаны маңызды. Сондықтан «Шымқала» секілді нысандарды дамытуда археологиялық мұраны сақтау, ақпараттық тақтайшаларды бірнеше тілде ұсыну және кәсіби гидтердің қызметін жетілдіру ерекше рөл атқарады.

Сайрам: көне Испиджабтың рухани мұрасы

Шымкенттің тарихын тереңірек танығысы келген адамға қаланың өзімен шектелген жеткіліксіз. Оның маңындағы көне мекендерге де назар аудару қажет. Солардың бірі – ортағасырлық деректерде Испиджаб деген атпен белгілі Сайрам.

e98104c017d7a5ab521d80bd2c5ab613 Банан баудан Жапон бағына дейін: Шымкент туристерге не ұсынады?
Фото: Жазира Пірімқұл

Бүгінде Сайрам Шымкенттің құрамындағы тарихи аумақ ретінде танылғанымен, оның өткені әлдеқайда тереңде жатыр. Орта ғасырларда бұл өңір Ұлы Жібек жолы бойындағы маңызды сауда және мәдени орталықтардың бірі болған. Мұнда әртүрлі ел мен аймақтарды байланыстыратын сауда жолдары өтіп, мәдени ықпалдастықтың дамуына жағдай жасалған. Көне кесенелер мен діни нысандардың маңында тұрғындар күнделікті тіршілігін жалғастырып жатыр. Бір тұста заманауи үйлер мен көшелер көрінсе, екінші тұста бірнеше ғасырлық тарихы бар ескерткіштер кездеседі. Осы көрініс Сайрамды тек өткен дәуірдің қалдығы емес, тарихы бүгінге дейін жалғасып келе жатқан мекен ретінде танытады.

d77d7f7f8d8b340f9efbfda8103316e5 Банан баудан Жапон бағына дейін: Шымкент туристерге не ұсынады?
Фото: Жазира Пірімқұл

Бұл аумақта Абдул Әзіз баб, Ибраһим ата және Қарашаш ана кесенелері сияқты тарихи-рухани орындар бар. Олардың әрқайсының халық жадында өзіндік орны қалыптасқан. Ибраһим ата кесенесі Қожа Ахмет Ясауидің әкесі саналатын шейх Ибраһимнің есімімен байланысты болса, Қарашаш ана кесенесі халық арасында аналық мейірім мен рухани құрметтің символы ретінде танылған.

Сайрамға бару мәні тек бірнеше кесенені аралап шығумен шектелмейді. Мұндай сапар арқылы келуші өңірдің ислам мәдениетіндегі орнын, діни дәстүрлердің қалыптасуын және тарихи тұлғалардың халық жадында қалай сақталғанын түсіне алады. Әсіресе, шетелден келген туристер үшін бұл Қазақстанның рухани тарихымен танысудың маңызды жолы.

«Алтын Орда»: дәстүрді жалғастырған қолөнер шеберханасы

Алғашқы күнгі бағдарламада Бейісбековтер әулетінің «Алтын Орда» қолөнер орталығына бару да қарастырылған. Бұл нысан туристерді ұлттық мәдениетпен таныстырудың өзгеше жолын ұсынады. Тарихи жәдігерлерді музейден көру бір басқа болса, дәстүрлі өнерді сақтап, оны күнделікті еңбегімен жалғастырып жүрген шеберлердің жұмысымен танысу бір басқа.

Берік Бейісбеков
Берік Бейісбеков. Фото: Жазира Пірімқұл

Шеберханадағы заттардың бәрі — отбасымыз жасаған туындылар. Мысалы, мен тері мен зергерлікпен айналысамын. Балаларым қыш-құмыра жасайды, анам мен келіншегім киіз, кесте, кілем тоқумен айналысады. Бұл жерде тек шеберхана емес, қазақтың ұлттық тағамдарын да ұсыну жоспарда бар. Шеберханамызға келген қонақтар қазақ халқының мәдениеті туралы бір жерден бәрін көріп кетсе деген ниетіміз бар, — дейді Берік Бейісбеков.

Ұлттық қолөнердің қыр-сырын танып қана қоймай, өзіміз де шеберлігімізді байқап көруге мүмкіндік алдық. Қолымызға ине алып, арнайы материалдың бетіне сурет түсіріп көрдік. Сырттай қарағанда оңай көрінетін жұмыстың өзіне ұқыптылық, шыдам мен дәлдік қажет екен. Инені қимылдатқан сайын суреттің пішіні қалыптасып, қарапайым материалдың біртіндеп өнер туындысына айналғанын байқадық.

Осындай орындар туриске жергілікті мәдениетті жақынырақ тануға көмектеседі. Шебердің еңбегін көру, бұйымдардың ерекшелігі туралы ақпарат алу немесе қолөнерге қатысты шағын шеберлік сабағына қатысу сапардың есте қаларлық бөлігіне айналуы мүмкін. Бұл, әсіресе, мәдени туризмге қызығатын адамдар үшін маңызды.

шеберхана, қолөнер
Фото: Жазира Пірімқұл

Мешіт пен Бәйдібек би монументі: руханият пен қала панорамасы

Журналистер Сейітжан қари Есжанұлы атындағы үлкен мешіт пен Бәйдібек би монументіне де барып қайтты. Бұл екі нысан Шымкенттің рухани және тарихи келбетін әр қырынан танытады.

4d539ed56dc7ae05e8530cd90844676f Банан баудан Жапон бағына дейін: Шымкент туристерге не ұсынады?
Фото: Жазира Пірімқұл

Үлкен мешіт – діни ғимарат қана емес, қоғамның рухани өміріне қатысты кеңістік. Мұндай орындарда сәулет өнері, діни дәстүр және жергілікті тұрғындардың күнделікті өмірі тоғысады. Турист үшін мешітті тамашалау оның архитектуралық ерекшеліктерімен танысуға мүмкіндік берсе, тарихи және мәдени мәнін түсіну өңірдің рухани өмірі туралы түсінікті кеңейтеді.

Рухани орындарға экскурсия ұйымдастырғанда олардың діни қызметіне құрметпен қарау маңызды. Келушілерге қойылатын талаптарды алдын ала түсіндіру, киім үлгісі мен қоғамдық тәртіпке қатысты ережелерді жеткізу, тарихи ақпаратты сауатты ұсыну туристік мәдениетті қалыптастыруға көмектеседі.

dc848f88dddef256a9689d03f8d3c0c8 Банан баудан Жапон бағына дейін: Шымкент туристерге не ұсынады?
Фото: Жазира Пірімқұл

Ал Бәйдібек би монументі — қаланың кең панорамасын тамашалауға болатын орындардың бірі. Бәйдібек Қарашаұлы халық жадында ел бірлігімен, әділдікпен және шешендікпен байланысты тарихи тұлға ретінде сақталған. Монументтің биіктігі тұғырымен бірге 23 метрге жетеді.

Бұл жерден Шымкент қаласын төбеден бақылауға болады. Қаланың көшелері, ғимараттары мен жасыл аумақтары бір көрініске тоғысып, мегаполистің ауқымын сезіндіреді. Мұндай биік нүктелер туриске қаланың географиясын түсінуге ғана емес, есте қаларлық суреттер түсіруге де мүмкіндік береді.

ff44542f47cdf6c9a2d0612338c34030 Банан баудан Жапон бағына дейін: Шымкент туристерге не ұсынады?
Фото: Жазира Пірімқұл

Visit Shymkent туристік ақпараттық орталығының басшысы Заманбек Орынбековтің айтуынша, Шымкенттің туристік әлеуеті жыл сайын артып келеді. Шымкентті туристер үшін тартымды қалаға айналдыру бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қалада жаңа қонақүйлер, мейрамханалар мен туристік нысандар көптеп салынып, келушілерге ұсынылатын демалыс орындарының қатары кеңейіп келеді.

Заманбек Орынбеков
Заманбек Орынбеков. Фото: Жазира Пірімқұл

Мақсатымыз – Шымкентке келген турист тек тарихи орындарды аралап қана қоймай, қаланың мәдениетімен, гастрономиясымен және заманауи тыныс-тіршілігімен де танысуына мүмкіндік жасау. Шымкенттің ерекшелігі – мұнда тарих пен заманауи қалалық орта қатар дамып келеді. Мәселен, Бәйдібек би монументі – қаланың ең биік нүктелерінің бірі. Бұл жерден Шымкентті биіктен тамашалап, оның ауқымы мен көрінісін көруге болады. Осындай нысандар туристердің қызығушылығын арттырып, қаланың туристік картасында маңызды орын алады, — деді Заманбек Орынбеков.

Дендросаябақ: қаланың жасыл тынысы

Шымкенттің туристік келбетін тек тарихи нысандар арқылы сипаттаған жеткіліксіз. Қаланың жасыл кеңістіктері де демалыс пен туризмнің маңызды бөлігі. Осы тұрғыдан алғанда, Асанбай Асқарав атындағы дендросаябақ – мегаполистің табиғи байлығын танытатын ерекше орын.

424028773681180fa7f3d9f375e67844 Банан баудан Жапон бағына дейін: Шымкент туристерге не ұсынады?
Фото: Жазира Пірімқұл

Саябақтың аумағы 117 гектардан асады. Мұнда Қазақстан мен Орталық Азиядан бастап, Еуропа, Солтүстік Америка және Шығыс Азияға тән ағаш-бұта түрлері өсіріледі. Саябақтың өсімдік қорын байыту, жаңа түрлерді жерсіндіру және жасыл аумақты сақтау жұмыстары оның экологиялық әрі танымдық маңызын арттырады.

c0110ad4ddc098551f66fc0d7f375936 Банан баудан Жапон бағына дейін: Шымкент туристерге не ұсынады?
Фото: Жазира Пірімқұл
98201d491c87c95eef8a8ebab69e130e Банан баудан Жапон бағына дейін: Шымкент туристерге не ұсынады?
Фото: Жазира Пірімқұл

Саябақтың ерекшелігі – оның тек демалыс орны емес, табиғатты танытатын кеңістік болуы. Мұнда өсімдіктер туралы ақпарат беретін тақтайшалар, экологиялық экскурсиялар мен танымдық бағдарламалар ұйымдастырылса, келушілердің тәжірибесі одан әрі байи түседі.

Жапон бағы: Шымкенттің ортасындағы жапондық тыныштық

Шымкенттің туристік келбетін танытатын жаңа орындардың бірі – Жапон бағы. Қаланың орталығындағы бұл кеңістік заманауи демалыс орындарын дамытуға бағытталғанын көрсетеді. Бұрын «Кең баба» саябағы ретінде белгілі болған аумақта жапон мәдениетінің эстетикасына негізделген жаңа қоғамдық кеңістік қалыптастырылған.

82928ad9514219c56a04d61433a03640 Банан баудан Жапон бағына дейін: Шымкент туристерге не ұсынады?
Фото: Жазира Пірімқұл

2026 жылғы маусымда ашылған Жапон бағында сакура аллеялары, сәндік тоғандар, тас композициялары, көпірлер, серуендеу жолдары мен демалыс орындары қарастырылған. Саябақтың тұжырымдамасы жапон мәдениетіне тән табиғатпен үйлесім идеясын қалалық ортада көрсетуге негізделген.

c9939d0adeb559a190609aa8b6b98509 Банан баудан Жапон бағына дейін: Шымкент туристерге не ұсынады?
Фото: Жазира Пірімқұл

Жапон бағының тартымдылығы – мұнда келген адам асықпай серуендеп, айналаны тамашалай алады. Ағаштар мен су айдындарының үйлесімі, шағын сәулеттік элементтер және тыныш демалыс орындары қаланың қарбалас тіршілігінен уақытша демалтады.

Шымкент аспанындағы мың батпырауық: фестивальдің ерекше атмосферасы

Баспасөз туры бағдарламасындағы ең көңілді бағыттардың бірі – Халықаралық батпырауықтар фестивалі. Мұндай іс-шаралар туристерге тарихи орындарды аралаудан бөлек, қаланың мерекелік атмосферасын сезінуге мүмкіндік береді. Түрлі түсті батпырауықтар көкке көтерілгенде, фестиваль алаңы балалардың шат күлкісі мен отбасылардың қуанышына толатын кеңістікке айналады.

c127106395d5cc8bbba37e40db117111 Банан баудан Жапон бағына дейін: Шымкент туристерге не ұсынады?
Фото: Жазира Пірімқұл

Батпырауық ұшыру – қарапайым ойын ғана емес, түрлі елдің мәдениетінде кездесетін дәстүр. Кейбір мемлекеттерде бұл ғасырлар бойы сақталып, ұлттық мерекелер мен маусымдық іс-шаралардың бір бөлігіне айналған. Сондықтан халықаралық фестиваль түрлі мәдениеттердің басын қосып, адамдарды ортақ қызығушылық арқылы жақындастыра алады.

442574b3b6f8c9e0b38a57d137e15e9d Банан баудан Жапон бағына дейін: Шымкент туристерге не ұсынады?
Фото: Жазира Пірімқұл

Батпырауықтар фестиваліне бірінші рет келіп тұрмыз. Әлеуметтік желіден хабарламаны көрдік. Балаларымызбен демалысты пайдаланып, фестивальге қатысып жатырмыз. Біз өзімізбен бірге арнайы батпырауықтар алып келген болатынбыз, бірақ осы жерде де тегін таратылып жатыр екен. Күн де батпырауық ұшыруға қолайлы болып тұр, — дейді қала тұрғыны Эльмира Асылхан.

1c3720ff0fa6c74ffca40f6ff05acb8a Банан баудан Жапон бағына дейін: Шымкент туристерге не ұсынады?
Эльмира Асылхан балаларымен. Фото: Жазира Пірімқұл

Кешкі арбат: Шымкенттің түнгі тіршілігі

Журналистер күндіз тарихи орындарды аралап, қаланың өткенімен танысты. Ал кешке Шымкенттің тағы бір қырын көру үшін Арбатқа бет алды. Күн ұясына батып, көшелерде шамдар қосылған шақта қаланың орталық бөлігіндегі жаяу жүргіншілер аймағы ерекше кейіпке енеді. Күндізгі қарбаластан кейін мұнда серуендеп жүрген тұрғындарды, достарымен қыдырған жастарды және отбасымен кешкі уақытын өткізген адамдарды көруге болады.

294c29151e9d5d21085060a161232b9f Банан баудан Жапон бағына дейін: Шымкент туристерге не ұсынады?
Фото: Жазира Пірімқұл

Шымкент арбаты – қаланың қоғамдық өміріндегі маңызды орындардың бірі. Мұнда жаяу жүретіндер кеңістігі, демалуға арналған орындар мен серуендеуге қолайлы орта қалыптасқан. Арбатқа бару туристерге Шымкентті тарихи нысандар мен экскурсиялардан тыс, тұрғындардың күнделікті өмірі арқылы тануға жағдай жасайды.

Өндіріс орындары да туристік бағытқа айнала ала ма?

Шымкенттің туристік мүмкіндіктерімен танысу тек тарихи орындар мен саябақтарды аралаумен шектелген жоқ. Бағдарламада қаладағы өндірістік кәсіпорындарға бару да қарастырылған.

Шымкент сыра зауыты 1976 жылдан бері істейді. Мұндай кәсіпорындарға экскурсия барысында өндірістің негізгі кезеңдері, өнім сапасын бақылау, құю желісі және дайын өнімді қаптау үдерістері таныстырылуы мүмкін. Бұл формат өндіріс технологиясына қызығатындар үшін ғана емес, қаланың экономикалық дамуын түсінгісі келетін туристер үшін де пайдалы.

9138d460948df8107c59db5915510cf2 Банан баудан Жапон бағына дейін: Шымкент туристерге не ұсынады?
Фото: Жазира Пірімқұл

Maxi газдалған шай өндірісіне бару да осы бағыттың мазмұнын кеңейтеді. Біз күнделікті дүкеннен сатып алатын сусынның дайындалу жолын көріп, өнімнің артында қандай технологиялық процесс тұрғанын түсіндік. Шикізатты дайындау, сусын құрамын араластыру, сапасын тексеру, құю және қаптау сияқты кезеңдер өндірістік экскурсияның мазмұнына айнала алады.

ac371279adff99761f5b68fa6d87bcb8 Банан баудан Жапон бағына дейін: Шымкент туристерге не ұсынады?
Фото: Жазира Пірімқұл

Қазақстанның оңтүстігіндегі тропикалық әлем: «Банан бауға» саяхат

Шымкенттің туристік бағыттары туралы сөз болғанда, көпшілік тарихи орындар мен саябақтарды елестетуі мүмкін. Алайда қаланың маңында мүлде басқа әсер сыйлайтын нысан да бар. Ол – «Банан бау» жылыжай кешені.

Сайрам ауданындағы Таскешу ауылында, Шымкенттен шамамен 25 шақырым жерде орналасқан жылыжай кешені 2023 жылы іске қосылған.

5058a324d80038101449195a046960a4 Банан баудан Жапон бағына дейін: Шымкент туристерге не ұсынады?
Фото: depositphotos.com

Жылыжайға кіргенде келушіні Қазақстанның табиғи ландшафына тән емес көрініс қарсы алады. Кеңістікті тропикалық өсімдіктер алып жатыр, банан ағаштарының жапырақтары жайқалып, жеміс шоқтары өсіп тұр. Сырттағы ауа райы қандай болса да, жылыжайдың ішіндегі арнайы жасалған орта өсімдіктерге қажет жағдай қалыптастыруға арналған.

Мұнда келгендер банан қалай өсетінін, өсімдікке қандай күтім қажет екенін, температура мен ылғал қалай реттелетінін және өнім қалай терілетінін біле алады. Бұл – дайын жемісті дүкен сөресінен көруден мүлде бөлек тәжірибе. Әдетте бананның тропикалық елдерде өсетінін білетін адам оны Қазақстан жағдайында өсіру үшін қандай еңбек пен технология қажет екенін осы жерден түсінеді.

e47bfcf02ed0417e90c78cb3274fea11 Банан баудан Жапон бағына дейін: Шымкент туристерге не ұсынады?
Фото: depositphotos.com

Агротуризмнің ерекшелігі де осында: турист ауыл шаруашылығын сырттай бақылап қана қоймай, өндіріс үдерісінің бір бөлігімен танысады.

Шымкенттің дәмі: мейрамханалар мен оңтүстік дастарқаны

Шымкентті жергілікті тағамдарынан бөлек елестету қиын. Қаланың қонақжайлық дәстүрі мен оңтүстікке тән ас мәзірі туристік сапардың да маңызды бөлігіне айналған. Үш күндік баспасөз туры барысында қатысушылар Jeti Tandyr, Grand Altin Hotel, Piala, Mizam, Altyn tapchan және Silver мейрамханаларында ас ішті.

бауырсақ, ұлттық киім
Фото: Жазира Пірімқұл

Оңтүстік өңірдің асханасы мол дастарқанымен, ет тағамдарымен, қамырдан әзірленетін ұлттық астарымен, дәмді кәуаптарымен және шай ішу дәстүрімен ерекшеленеді. Ал заманауи мейрамханалар жергілікті тағамдарды ұсынумен қатар, қонақтарға жайлы орта мен түрлі форматтағы демалыс қызметтерін ұсынады.

дастархан
Фото: Жазира Пірімқұл

Гастрономиялық туризмнің тағы бір артықшылығы – оның жергілікті кәсіпкерлерге пайда әкелуі. Туристердің мейрамханаларға, дәмханаларға және жергілікті өнім сататын орындарға баруы қызмет көрсету саласының дамуына ықпал етеді. Осы тұрғыдан алғанда, Шымкенттің тағам мәдениеті тарихи және табиғи нысандармен қатар туристік өнімнің бір бөлігіне айнала алады.

***

Тағы оқыңыз: Кипрге алғашқы сапар: көгілдір теңізден қолөнершілер ауылына дейін

Тағы оқыңыз: Кипрде тағы қайда баруға болады? Троодос пен Ларнакаға саяхат

Жаңартылды:

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?