Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Армения астанасы Ереванда өтіп жатқан COP17 аясындағы Биоалуантүрлілік бойынша көшбасшылар саммитінде сөз сөйледі. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Ақорданың мәліметінше, президент табиғатты сақтау, су тапшылығы мен жердің тозуына қарсы күрес және халықаралық ынтымақтастықты нығайту мәселелеріне тоқталды.
Президент экологиялық мәселелерді бірлесіп шешуге шақырды
Саммитте сөз сөйлеген Қасым-Жомарт Тоқаев қатысушыларға ілтипат білдіріп, қонақжайлығы және БҰҰ-ның биоалуантүрлілік жөніндегі конференциясы аясындағы көшбасшылар саммитін жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Армения премьер-министрі Никол Пашинянға алғыс айтты.
Мемлекет басшысы табиғатты сақтау үшін халықаралық күш-жігерді үйлестіру және келер ұрпақ алдындағы ортақ жауапкершілікті сезіну маңызды екенін атап өтті.
Біз табиғат тартуын болашаққа жеткізуді көздейтін халықаралық ынтымақтастықты кеңейту мақсатында жиналып отырмыз. Яғни күрделі сын-қатерлермен бетпе-бет келуі ықтимал өскелең ұрпақ алдындағы ортақ жауапкершілік жөнінде сөз қозғадық. Бұл – біздің өркениетіміздің аман қалуына да қатысты мәселе. Өйткені биоалуантүрлілік адамдар игілігін, экономикалық орнықтылықты және ұзақмерзімді қауіпсіздікті қамтамасыз етуде өте қажет. Бүлінбеген экожүйелер азық-түлік өндірісінде, су ресурстарын қорғауда және миллиондаған адамды кіріс көзімен қамтуда маңызды рөл атқарады, – деді президент.
Оның айтуынша, шөлейттену, су тапшылығы және басқа да экологиялық проблемалар табиғат пен адам арасындағы нәзік тепе-теңдікке қауіп төндіріп отыр.
Судың жеткіліксіздігі мен жердің тозуы миллиондаған адам үшін үйреншікті жағдайға айналды. Мұның салдары тым ауыр. Себебі бұл үдерістер мемлекеттер аумағынан ары асып, орнықты дамуды тежейді әрі жаһандық тұрақтылыққа зардабын тигізеді. Мұқият ойластырылған және нақты шараларды қамтитын экологиялық күн тәртібі саяси қайшылықтарды еңсеруі қажет. Бізге шынайы серіктестікке, бөліп-жармауға негізделген, ең бастысы, нақты нәтижелерге қол жеткізуді көздейтін халықаралық ынтымақтастық керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстанның жаңа Конституциясында экологиялық қағидаттар бекітілген
Президент жер көлемі бойынша әлемде тоғызыншы орында тұрған Қазақстанның бірегей биоалуантүрлілігі бар екенін айтты. Оның сөзіне қарағанда, табиғи байлықты сақтау – ел азаматтарының ғана емес, халықаралық қоғамдастықтың да алдындағы жауапкершілік.
Табиғаттың осы сыйын сақтау – жұрт алдындағы борышымыз, сонымен қатар халықаралық қоғамдастық алдындағы жауапкершілігіміз. Бұл құндылықтар Қазақстанның жаңа Конституциясында айқын көрініс тапты. Ел тарихында алғаш рет жоғары экологиялық мәдениет қалыптастыру мемлекеттіліктің негізін құрайтын қағидаттардың бірі ретінде Ата заңымызда бекітілді. Енді азаматтар табиғат пен оның ресурстарын көзінің қарашығындай сақтауға міндетті, – деді мемлекет басшысы.
Сонымен бірге ол азаматтардың өмірі мен денсаулығына қолайлы қоршаған ортаны қорғау мемлекеттің маңызды мақсаттарының бірі ретінде белгіленгенін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев табиғи байлықты сақтау экономикалық өрлеумен қатар жүруі керек екенін айтты. Осы тұрғыда «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясының маңызына тоқталды.
Табиғат байлығын сақтау экономикалық өрлеумен қатар жүруі керек екеніне сенімдіміз. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы осы құндылықтарды арқау еткен. Бұл қозғалыс қарапайым экологиялық тазалық ауқымынан шығып кетті. Оның азаматтардың дүниетанымы мен өмір салтына ықпал ететін жалпыұлттық идеологияға айналып келе жатқаны қуантады, – деді президент.
Еске салайық, Тоқаев Израиль президентімен Таяу Шығыстағы жағдайды талқылады.