Қазақстанда 200-ден астам азамат әлеуметтік көмекке мұқтаж болмағандықтан, жәрдемақы алудан бас тартатынын мәлімдеді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, енді тұрмысы жоғары азаматтар мемлекеттік органдарға бармай-ақ, eGov Mobile қолданбасы арқылы төлемдерден онлайн бас тарта алады.
Азаматтарға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр
Премьер-министрдің тапсырмасына сәйкес, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жанындағы жұмыс тобы өңірлерді аралап, аумақтық департаменттер базасында түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Мамандар азаматтардың туындауы мүмкін сұрақтарына жауап беріп, кеңес берді. Қазір министрлік жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, әл-ауқат деңгейі жоғары санатқа жатқызылған үй шаруашылықтарына қосымша тексеріс жүргізіп жатыр.
Министрліктің мәліметінше, азаматтарға SMS-хабарламалар жіберу нәтижесінде 200-ден астам адам әлеуметтік көмекке мұқтаж емес екенін айтып, жәрдемақы алудан бас тартуға ниетті екенін білдірген.
Осы бағытта министрлік eGov Mobile қолданбасына енгізілетін жәрдемақыдан ерікті түрде бас тарту сервисінің жаңа жобасын таныстырды. Оның көмегімен әлеуметтік жәрдемақы алатын тұрмысы жоғары азаматтар мемлекеттік органдарға бармай-ақ, онлайн режимде төлемдерден өз еркімен бас тарта алады, – деп хабарлады еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
Цифрлық платформа арқылы 55 мыңнан астам өтініш түскен
Үкімет басшысы министрлікке мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, екінші деңгейлі банктерді «Отбасының цифрлық картасына» қосуды жеделдетуді тапсырды.
Әлеуметтік қолдау шараларына өтініш қабылдау және оларды тағайындау функциясы бірыңғай цифрлық платформада биыл маусым айында іске қосылған. Содан бері платформа арқылы жалпы сомасы 2,5 млрд теңгеден асатын 55 мыңнан астам өтініш түскен. Оның ішінде 1,8 млрд теңгеден астам сомаға өтініштер қаралып, мақұлданған. Қазір платформа «Отбасының цифрлық картасымен» интеграцияланып жатыр.
Еске салайық, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап екінші деңгейлі банктер мемлекеттік көмек алушылар мен олардың отбасы мүшелерінің келісімімен банк шоттары мен депозиттері туралы мәлімет ұсынады. Әлеуметтік қолдау тағайындау кезінде азаматтардың кірістерімен қатар шығындары да ескеріледі.