Басты бет / Жаңалықтар /
dcca89face2f348c6895b2c925d98cb4 Ескі көлігін өткізіп, жаңа көлік алуға бола ма? Министрлік түсініктеме берді
Фото: uralskweek.kz

Ескі көлігін өткізіп, жаңа көлік алуға бола ма? Министрлік түсініктеме берді

Әлеуметтік желіде Қазақстан азаматтары ескі көлігін утилизацияға тапсырып, жаңа автокөлік сатып алуға жеңілдік сертификатын ала алады деген ақпарат тарады. Экология және табиғи ресурстар министрлігі бұл мәліметті жоққа шығарып, бағдарламаның әлі басталмағанын мәлімдеді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Ведомствоның түсіндіруінше, мұндай ақпараттың таралуына министрдің 2026 жылғы 6 қазандағы №252 бұйрығының бекітілуі себеп болған. Құжатта автокөлік пен ауыл шаруашылығы техникасын утилизацияға тапсырғанын растайтын құжаттарды, сонымен қатар жеңілдік сертификаттарын алу тәртібі көрсетілген.

Бұйрық 25 қазанда күшіне енеді

Министрлік жаңа бұйрықтың қабылдануы ескі көліктерді утилизацияға қабылдау басталды дегенді білдірмейтінін атап өтті. Құжат бағдарламаны іске асырудың құқықтық тетіктерін, жеңілдік сертификаттарын беру және қайта тіркеу шарттарын, сонымен бірге оларды отандық өндірістегі автокөлік пен ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу кезінде пайдалану тәртібін белгілейді.

Бұл бұйрықтың қабылдануы бағдарламаның басталғанын және автокөліктерді утилизацияға қабылдау жүріп жатқанын білдірмейді, – деп хабарлады министрлік.

Ведомство мәліметінше, бұйрық 2026 жылғы 25 қазаннан бастап күшіне енеді. Алайда бұл күн көліктерді қабылдау мен жеңілдік сертификаттарын беру басталатын уақыт емес.

Бағдарламаның басталатыны қосымша хабарланады

Ескірген көліктер мен ауыл шаруашылығы техникасын утилизацияға тапсыру тәртібі экология және табиғи ресурстар министрінің 2023 жылғы 27 қарашадағы №332 бұйрығымен бекітілген қағидаларда көрсетілген.

Министрліктің хабарлауынша, қазір «Жасыл даму» АҚ ескірген автокөліктерді қабылдап, кейін утилизациялайтын кәсіпорындарды іріктеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Тиісті рәсімдер аяқталғаннан кейін бағдарламаның басталу мерзімі, шарттары мен көлік қабылдау орындары туралы ақпарат министрлік пен «Жасыл даму» АҚ-ның ресми сайттарында жарияланады.

Еске салайық, елімізде утильдік алым бойынша ғылыми зерттеу жүргізу ұсынылды.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?