Басты бет / Жаңалықтар /
Қарыз, ақша, нотариус, теңге, заң, құжат
Фото: Baribar.kz/ЖИ

17 қазаннан бастап салық төлеуді кейінге қалдыру тәртібі өзгереді

2026 жылғы 17 қазаннан бастап Қазақстанда салық міндеттемелерін орындау мерзімін кейінге қалдыру және бөліп төлеу қағидалары жаңартылады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Өтінімдер 10 жұмыс күні ішінде қаралады

Жаңа тәртіп өтініштерді қарау мерзімін нақтылап, белгілі бір талаптарға сай салық төлеушілерге берешекті кепілсіз және банк кепілінсіз өтеуге мүмкіндік береді.

Жаңартылған қағидаларға сәйкес, салық төлеушілердің кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу туралы өтінімдері 10 жұмыс күні ішінде қаралады.

Құжаттарда қате немесе қажет мәліметтер толық болмаса, цифрлық күту парағы қолданылады. Өтініш беруші белгіленген мерзімде кемшіліктерді түзетсе, алғашқы өтініш берген күні сақталады.

Кейінге қалдыру мен бөліп төлеудің айырмашылығы қандай?

Кейінге қалдыру кезінде салық төлеуші берешектің бүкіл сомасын белгіленген кейінгі мерзімде бір рет төлейді. Бұл мерзім алты айдан аспайды, ал деңгейлес мониториңге қатысушылар үшін 12 айға дейін созылуы мүмкін.

Ал бөліп төлеу кезінде берешек бекітілген кестеге сәйкес кезең-кезеңімен өтеледі. Жалпы мерзім 36 айдан аспайды. Деңгейлес мониториңге қатысушыларға және кепілсіз және банк кепілінсіз берілетін жағдайларда бұл мерзім 12 айға дейін шектеледі.

Қай кезде кепіл талап етілмеуі мүмкін?

Жаңа қағидалар бойынша берешек сомасы 1500 айлық есептік көрсеткіштен (АЕК) аспаса және заңнамада белгіленген талаптар орындалса, салықты кейінге қалдыруды немесе бөліп төлеуді кепілсіз әрі банк кепілінсіз рәсімдеуге болады.

Ол үшін, атап айтқанда, салық төлеушінің қолданыстағы кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу мерзімі болмауы, орындалмаған хабарламалары болмауы және тіркелгеніне кемінде екі жыл болуы сияқты талаптар ескеріледі.

Мұндай мүмкіндік барлық салық төлеушіге автоматты түрде берілмейді. Өтініш заңнамада белгіленген негіздер мен талаптарға сәйкес қаралады.

Қай кезде өтінім беруге болады?

Салықты кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу заңда көзделген негіздер болған жағдайда қарастырылады. Мысалы, төтенше жағдайлар кезіндегі залал, өндіріс пен тауарларды немесе қызметтерді өткізудің маусымдық сипаты, жеке тұлғаның мүлік жағдайына байланысты біржолғы төлем жасай алмауы және соттың қарызды қайта құрылымдау рәсімін қолдану туралы шешімі бар.

Алайда бұл тәртіп кейбір салықтарға, акциздерге, Еуразия экономика одағына мүше мемлекеттерден импортталатын тауарларға салынатын қосылған құн салығына, Ұлттық қорға түсетін төлемдерге және айыппұлдарға қолданылмайды.

Өтінімді қалай беруге болады?

Өтінімді аумақтағы мемлекет кірісі органына, eGov.kz порталы немесе «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы беруге болады. Мемлекет қызметі — тегін.

Жаңартылған қағидалар ҚР қаржы министрінің 2026 жылғы 30 қыркүйектегі №664 бұйрығына сәйкес 17 қазаннан бастап қолданысқа енгізіледі.

Мемлекеттік кірістер департаменті салық төлеушілерге өз жағдайына сәйкес рәсімдеу талаптарын алдын ала нақтылап, өтінішті белгіленген тәртіппен беруге кеңес береді.

Естеріңізге сала кетейік,  бұған дейін қазан айының соңына дейін төленуге тиіс салықтар мен төлем мерзімі және жұмыс беруші мен қызметкердің салық міндеттемелері туралы жазылған еді.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?