Түркияның Ыстамбұл қаласында қатты жел мен қолайсыз ауа райына байланысты екі әуежайдың жұмысы бұзылды. Соның салдарынан ондаған ұшақ қосалқы әуежайларға бағытталды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Түркияның көлік және инфрақұрылым министрлігінің мәліметінше, 14 қазанда Ыстамбұл әуежайларына қона алмаған 46 ұшақ Түркияның басқа қалалары мен шетелдегі әуежайларға жіберілген.
Ұшақтар қай қалаларға бағытталды?
Ыстамбұл әуежайына бағыт алған 43 ұшақ басқа әуежайларға қонуға мәжбүр болған. Олардың 16-сы Анкараға, 10-ы Измирге, сегізі Ыстамбұлдағы Сабиха Гөкчен әуежайына бағытталды. Қалған ұшақтар Балыкесир, Чанаккале және Анталья қалаларына жіберілген.
Түркиядан тыс жерлерде Болгарияның Бургас, Иранның Тегеран және Грекияның Афина қалаларындағы әуежайлар қосалқы қону орны ретінде пайдаланылды.
Қолайсыз ауа райы Сабиха Гөкчен әуежайының жұмысына да әсер етті. Қатты жел мен оның бағытының күрт өзгеруіне байланысты ұшақтарды қондыру уақытша тоқтатылды. Сағат 21:42-ден бастап әуе кемелерінің ұшып шығуына да шектеу қойылды. Қона алмаған үш ұшақ Анкара әуежайына бағытталды.
Әуежай жұмысы кешке қайта жанданды
Түркияның көлік және инфрақұрылым министрлігінің хабарлауынша, Сабиха Гөкчен әуежайында ұшақтарды қабылдау және жөнелту жұмыстары сағат 22:02-де қайта басталды.
Еске салайық, бұған дейін Ыстамбұлда нөсер жауын салдарынан көшелер мен тұрғын үйлерді су басып, мектептердегі сабақтар тоқтатылғаны хабарланған еді.