Басты бет / Ауа райы /
Алматы таулары, тұрғын үй, ауа сапасы, ауа райы
Фото: Ерқанат Аманкел/Baribar.kz

16 қазанда еліміздің бірнеше өңірінде жел күшейіп, қар жауады

16 қазанда Қазақстанның 16 өңірінде дауылды ескерту жарияланды. Бірқатар аймақта тұман түсіп, жел күшейеді, ал Шығыс Қазақстан мен Абай облыстарының кей жерлерінде қар аралас жауын-шашын жауып, көктайғақ болады. Оңтүстік және батыс өңірлерде шаңды дауыл соғуы мүмкін. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Қай өңірлерде жел күшейіп, тұман түседі?

Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарында түнде және таңертең тұман күтіледі. Солтүстік Қазақстан мен Павлодар облыстарының кей жерлерінде күндіз желдің екпіні секундына 15–20 метрге жетеді.

Қарағанды облысының шығысында түнде және таңертең тұман түседі. Күндіз оңтүстігінде желдің екпіні 15 м/с болады. Ұлытау облысының оңтүстігінде де жел күшейеді.

Шығыс Қазақстан облысының оңтүстігі мен шығысында түнде қар аралас жауын-шашын жауып, көктайғақ болады. Солтүстігі мен шығысында тұман түсіп, кей жерлерде желдің екпіні 15–20 м/с-қа жетеді.

Абай облысының оңтүстігі мен шығысында да түнде қар аралас жауын-шашын мен көктайғақ күтіледі. Облыстың батысы, солтүстігі және орталығында тұман түседі. Кей аудандарда желдің екпіні 15–20 м/с болады.

Алматы облысының шығысында, оңтүстігінде және таулы аудандарында желдің екпіні 15–20 м/с-қа жетеді. Түнде ауа температурасы 1–6 градусқа дейін төмендеп, үсік жүреді. Қонаевта түнде желдің екпіні 18 м/с болады.

Жетісу облысының таулы аудандарында түнде және таңертең тұман түседі. Солтүстігі мен орталығында түнде 4 градусқа дейін үсік жүреді. Талдықорғанда түнде ауа температурасы 4–6 градус аязға дейін төмендейді. Алакөл көлдері маңында 16–18 қазанда желдің екпіні 23–28 м/с-қа жетуі мүмкін.

Жамбыл облысының таулы аудандарында тұман күтіледі. Кей жерлерде желдің екпіні 23–28 м/с болады.

Түркістан облысының оңтүстігі мен таулы аудандарында тұман түседі. Бірқатар ауданда, сондай-ақ Шымкент пен Түркістан қалаларында желдің екпіні 15–20 м/с-қа жетеді. Кей жерлерде 23–28 м/с-қа дейін күшеюі мүмкін.

Батыс Қазақстан облысының оңтүстік-батысында күндіз жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Батысы мен оңтүстігінде желдің екпіні 15–20 м/с болады. Ақтөбе облысының батысы мен орталығында да жел күшейеді.

Қай өңірлерде шаңды дауыл мен өрт қаупі бар?

Қызылорда облысының шығысында, оңтүстігінде және орталығында шаңды дауыл соғады. Желдің екпіні кей жерлерде 25 м/с-қа жетеді. Қызылорда қаласында да шаңды дауыл күтіледі.

Атырау облысының батысында, оңтүстігінде және шығысында күндіз шаңды дауыл соғады. Желдің екпіні 15–20 м/с болады. Атырау қаласында да жел күшейіп, шаңды дауыл тұрады.

Маңғыстау облысының батысында, солтүстігінде және орталығында шаңды дауыл күтіледі. Ақтауда күндіз желдің екпіні 20–23 м/с-қа дейін жетуі мүмкін.

Сонымен қатар бірнеше өңірде өрт шығу қаупі жоғары немесе төтенше деңгейде сақталады. Қарағанды мен Ұлытау облыстарының кей аумақтарында, сондай-ақ Қызылорда және Атырау облыстарының бірқатар бөлігінде өрт қаупі төтенше деңгейде болады. Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарының кей жерлерінде де өрт шығу қаупі бар.

«Қазгидромет» тұрғындарға ауа райының өзгеруін ескеріп, қауіпсіздік шараларын сақтауды ұсынады.

Еске салайық, Жамбыл облысының Қордай аудандық соты ресейлік әнші NAVAI-ды екі айға қамауға санкция берді. 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?