Маңғыстау облыстық ауруханасының бас бухгалтері бюджет қаражатын аса ірі мөлшерде жымқырғаны үшін жеті жылға сотталды. Ол танысымен алдын ала сөз байласып, 32 млн теңгеден астам ақшаны иемденген. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Бюджет ақшасын жеке шоттарға аударған
Облыстық прокуратураның мәліметінше, аталған дерек бойынша қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігінің 2) тармағымен, яғни аса ірі мөлшерде сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Тергеу барысында бас бухгалтердің танысымен алдын ала сөз байласып, бюджет қаражатын жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың шоттарына аударғаны анықталған. Кейін олар ақшаны қолма-қол ақшаға айналдырған.
Сотталушылардың кінәсі толық дәлелденді, – делінген прокуратураның хабарламасында.
Сыбайласына да жаза тағайындалды
Сот бас бухгалтерді жеті жылға соттаған. Сонымен қатар оған бес жылға дейін бухгалтерлік қызметпен айналысуға тыйым салынған. Ал оның сыбайласына жеті жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.
Сот үкімі заңды күшіне енді.
Еске салайық, бұрынғы күйеуі Сұлтан Сәрсемәлиевтің қылмысына байланысты отбасынан айырылған Ақбаян Мұқанғалиева өмірге қайта бейімделіп жатыр.