Басты бет / Жаңалықтар /
жалақы, мамандар жалақысы
Фото: Жасанды интеллект

Қазақстанда бір жылда қай мамандардың жалақысы көбірек өсті?

Қазақстанда қай маман өкілдерінің жалақысы көбейді, қай салаларда айлық табыс 1 миллион теңгеден асады және аз жалақы алатын қызметкерлер үлесі қалай өзгерді? Бұл сұрақтарға жауапты Baribar.kz Ұлттық статистика бюросының 2026 жылғы жалақы көрсеткіштері туралы зерттеуіне сүйене отырып зерделеді.

Кімдердің еңбекақысы көп өскен?

Ұлттық статистика бюросының 2026 жылғы сәуірдегі зерттеуіне сәйкес, жалақы өсімінің ең жоғары көрсеткіші өнеркәсіп, құрылыс, көлік және басқа да сабақтас кәсіптердің жұмысшыларында тіркелген. Олардың орташа айлық жалақысы 2025 жылмен салыстырғанда 13,1% өскен.

Өндіріс жабдығы операторлары, құрастырушылар мен жүргізушілер жалақысы да 10,4% артқан.

Бюро мәліметінше, өндіріс, көлік, ауыл шаруашылығы және қызмет көрсету салаларында да атаулы жалақының өсім динамикасы байқалған.

Тұрғындардың қаншасы 300 мың теңгеден көп жалақы алады?

Зерттеу нәтижесі бойынша, 2026 жылы 300 мың теңгеден жоғары жалақы алатын қызметкер үлесі 58,4%-ға жеткен. 2025 жылы бұл көрсеткіш 53,7% болған. Осылайша, бір жылда үлес 4,7 пайыздық тармаққа артқан.

Ал 100 мың теңгеге дейін жалақы алатын қызметкер үлесі 3,3%-дан 2,3%-ға дейін төмендеген. 100 мыңнан 300 мың теңгеге дейін табыс табатындар үлесі де 43%-дан 39,3%-ға азайған.

Әртүрлі сала мамандарының жалақысы қанша?

2026 жылғы зерттеу бойынша, ұйым басшыларының орташа айлық жалақысы – 1 101 100 теңге.

Инженер жалақысы 702 мың теңге болса, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі инженер 645 мың теңге, инженер-технолог 617 мың теңге, инженер-энергетик 615,1 мың теңге алған.

Дәрігердің орташа айлық жалақысы 491,4 мың теңге, фармацевтікі 347,7 мың теңге, фельдшердікі 313,6 мың теңге, мейіргердікі 264,6 мың теңге болған.

Басқа кәсіптер арасында бухгалтер жалақысы 398,6 мың теңге, автомобиль жүргізушілерінікі 328,1 мың теңге. Аспаз орта есеппен 192,6 мың теңге, күзетші 174,2 мың теңге жалақы алған.

Жалақы көрсеткіштері қалай есептеледі?

Ұлттық статистика бюросы зерттеуді жыл сайын жүргізеді. Оған есепті жылдың сәуір айында толық жұмыс істеген қызметкерлер енгізіледі. Сол айда жұмысқа қабылданған немесе жұмыстан босатылған қызметкерлер есепке алынбайды.

Жарияланған сомалар – орташа айлық есептелген жалақы. Оған қосымша ақылар, үстемеақылар мен сыйақылар кіреді. Салықтар мен зейнетақы аударымдары да есепке алынғандықтан, көрсетілген сомалар қызметкердің қолына алатын таза жалақысы емес.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін жалақы кешіктірілген жағдайда жұмыс беруші төлейтін өсімпұл, Қазақстандағы IT мамандарының табысы және ең төменгі жалақыны 150 мың теңгеге дейін көтеру мүмкіндігі туралы министр жауабы жазылды.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?