Басты бет / Білім /
мектеп, оқушылар, сабақ, мұғалім
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Қазақстан мектептерінде БЖБ мен ТЖБ орнына аралық бақылау енгізіледі

Құрылтайда «2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасы талқыланып жатыр.  Отырыста депутат Айнагүл Балташева оқу-ағарту министрлігінің бюджет қаражатын жұмсау тиімдігі мен мектептердегі бағалау жүйесінің білім сапасына әсері туралы мәселе көтерді. Министр Жұлдыз Сүлейменова бастауыш кластардағы бағалау тәсілдері өзгеріп жатқанын айтты. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Депутат бюджет шығыстарының тиімдігіне назар аударды

Айнагүл Балташеваның айтуынша, блоктық бюджетке көшу министрліктерге қаражатты бөлу кезінде дербестік берген. Сондықтан бөлінген қаржының тиімдігін нақты нәтижелер арқылы бағалау маңызды.

Оқу-ағарту министрлігінің көрсеткіштері қатарында 4 және 5 деген бағамен оқитын оқушылардың үлесі қарастырылған. Бұл көрсеткіш бюджет шығыстарының тиімділігін қаншалықты шынайы бағалауға мүмкіндік береді ме? Себебі оқушылардың білім сапасы іс жүзінде жақсармаған жағдайда да әкімшілік шешімдер мен бағалау тәсілдері жақсы және үздік оқитын оқушылардың үлесін арттыруы мүмкін, – деді депутат.

Ол «Келешек мектептеріне» әдістемелік қолдау көрсетуге бөлінетін қаражаттың тиімдігіне де тоқталды.

219 әдістемелік материалды әзірлеу білім беру жүйесіндегі осындай ауқымды өзгерістерді қалай қамтамасыз етеді? Министрлік осы тетікті қайта қарап, қаражатты кешенді жұмыстарды жүзеге асыруға бағыттауға дайын ба? Блоктық бюджеттеу жағдайында бөлінген қаражаттың тиімдігі мектептердің жұмысындағы нақты оң өзгерістермен және оқушылардың білім сапасының артуымен бағалануға тиіс, – деді Айнагүл Балташева.

Бастауыш кластардағы бағалау жүйесі қайта қаралды

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова оқушылардың білім сапасын арттыру үшін бағалау тәсілдерін өзгерту жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты.

Бүгінгі таңда 4,1 млн оқушыға жұмсалған қаражат білім сапасында нақты көрініс табуы қажет. Бұл – алдымызда тұрған нақты міндет. Биылдан бастап бағалау тәсілдерін өзгертіп жатырмыз. Бастауыштағы білім мазмұны мен бағалау жүйесі толық қайта қаралды. БЖБ және ТЖБ алынды. Оның орнына аралық бақылау еніп жатыр, – деді министр.

Сүлейменованың айтуынша, оқушылардың оқу сауаттылығын арттыру үшін диктант, мазмұндама және шығарма жұмыстарын енгізу де жоспарланып отыр.

Министр «Келешек мектептеріне» арналған әдістемелік жұмыстың бағыттарын да түсіндірді. Оның сөзінше, президенттің бастамасымен жүзеге асырылған ұлттық жоба аясында елімізде 217 мектеп салынған. Ыбырай Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясы үкімет қаулысымен осы мектептердің әдістемелік орталығы ретінде бекітілген.

Келешек мектептерінде STEM білімін дамыту, олимпиадалық білімді жолға қою, ғылымды ілгерілету және жасанды интеллектіні орта білім беру жүйесіне енгізу бойынша академия нақты ұсынымдар әзірлейді. Осы ұсынымдардың тиімділігі дәлелденген кезде олар барлық білім беру ұйымдарына енгізіледі, – деді Жұлдыз Сүлейменова.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда 2-4-класс оқушылары үшін бөлім бойынша жиынтық бағалау (БЖБ) мен тоқсандық жиынтық бағалау (ТЖБ) алып тасталуы мүмкін екенін жазған болатынбыз. 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?