Басты бет / Жаңалықтар /
кілт, үй, қоныс
Фото: Отбасы банк

Үй сатып алғанда нені ескеріп, қандай құжат тексеру керек?

Үй сатып алғанда оның бағасы мен орналасқан жеріне ғана емес, құжаттарының заңды екеніне де мән беру керек. Мүліктің кепілде тұруы, меншік құқығына қатысты дау немесе заңсыз қайта жоспарлау кейін қосымша шығынға әкелуі мүмкін. Baribar.kz үй сатып аларда қандай құжаттарды тексеріп, тағы неге мән берген маңызды екенін түсіндіреді.

Пәтер таңдаған кезде оның техникалық жай-күйін, сипаттамасын және сату шарттарын мұқият қараған жөн. Алайда үйдің жағдайы көңілден шыққанымен, оның құқық мәртебесін тексермей мәміле жасауға асықпаған дұрыс.

Ең алдымен сатушының пәтердің заңды иесі екеніне көз жеткізу қажет. Мәмілені басқа адам жасайтын болса, оның үй иесінен алған сенімхаты болуы керек. Мысалы, сенімхат арқылы әрекет ететін өкілдің пәтерді сатуға құқығы бар-жоғын анықтау қажет.

Заңгер Арыс Данағатовтың айтуынша, сатушының борышкерлер тізімінде бар-жоғын, ал жеке кәсіпкердің салық берешегі жайлы ақпаратты да білген жөн.

Сатып алу-сату шартына қол қоймас бұрын, ондағы барлық мәліметті мұқият тексеру керек. Кадастр нөмірі, үйдің мекенжайы және басқа да дерек құжаттарда бір-біріне толық сәйкес келуге тиіс. Тіпті бір әріптің немесе бір таңбаның қате жазылғанының өзі үлкен қиындыққа әкелуі мүмкін.

Пәтер бірнеше адамның ортақ меншігінде болса, басқа меншік иесінің құқығын да ескерген жөн. Заңнамадағы ереже бойынша, жұбайының келісімі немесе белгілі бір органның рұқсаты талап етілуі мүмкін.

Заңгер Арыс Данағатовтың айтуынша, пәтердің барлық иесін және мүлік тарихын көрсететін екінші нысандағы анықтаманы сұратқан жөн.

Бұл құжат арқылы пәтердің кімге тиесілі болғанын, қалай сатылғанын және меншік иесінің ауысу тарихын тексеруге болады. Сонымен қатар сатушының пәтерді сатуға заңды құқығы бар-жоғына көз жеткізу керек. Мысалы, ерлі-зайыптының ортақ мүлкі жұбайының келісімінсіз сатылса, кейін мәміле сотта қаралуы мүмкін. Сондықтан пәтердің құжатын, меншік иелерін және сатуға қажет келісімдердің бар-жоғын бірден тексеріп алған жөн, — дейді заңгер.

Сонымен қажет құжат тізімі мынадай:

  • сатушының жеке куәлігі;
  • пәтерге құқық белгілейтін құжат (сатып алу-сату шарты, сыйға тарту шарты, мұрагерлік құқығы туралы куәлік және т.б.);
  • жылжымайтын мүліктің кепілде тұрған-тұрмағаны жайлы мәлімет;
  • пәтердің техникалық паспорты немесе тиіс техникалық құжаттамасы;
  • өкіл арқылы сатылса, сенімхат керек;
  • заңнамада талап етілсе, жұбайының келісімі, басқа меншік иесінің келісімі немесе тиіс органының рұқсаты.

Сатып алу-сату шартын қалай рәсімдеуге болады?

Қазақстанда пәтерді сатып алу-сату шартын заңнама талабы бойынша, нотариаттық немесе жай жазбаша нысанда рәсімдеуге болады.

Мәміле жасаған кезде сатушы мен сатып алушы нотариусқа барады. Нотариус олардың жеке басын анықтап, жылжымайтын мүлікке қатысты құжаттарды тексереді. Сонымен қатар пәтердің кепілде тұрған-тұрмағанын анықтайды.

Электрондық тіркеу қолданылса, нотариус қажет мәліметтер мен құжаттарды Бірыңғай нотариаттық ақпараттық жүйе арқылы жолдайды. Сатып алушы мемлекеттік тіркеу үшін белгіленген соманы төлейді. Тіркеу аяқталғаннан кейін қос тарапқа пәтердің кімнің меншігіне өткені жайлы хабарланады.

Ал шарт жай жазбаша жасалса, қос тарап құжатты заң бойынша, өздері рәсімдей алады. Дегенмен бұл тәсілді таңдағанда шарт жайлы, сатушы мен сатып алушының құқығы мен міндетін және тіркеуге қажет құжаттарды мұқият тексеру маңызды. Күмән туындаса, заңгерден немесе нотариустан кеңес алған жөн.

Пәтер сатып алу кезінде құжаттың сәйкеспейтін тұсын байқасаңыз, шартқа қол қоюға асықпаған дұрыс.

Мәселен, сатушы меншік құқығын растайтын құжатты ұсына алмаса немесе оның сатуға рұқсаты бар екеніне күмән болса, тағы тексеру қажет.

Үй алғанда берілетін кепілпұл туралы

Кепілпұл бермес бұрын міндетті түрде жазбаша шарт жасасу қажет. Сатып алушы ойынан айнып, үйді алмаса, кепілпұлын қайтара алмауы мүмкін. Ал сатушы өз міндетін орындамаса, заң бойынша, кепілпұлды екі есе қылып қайтаруға тиіс болуы мүмкін. Сондықтан ақша берер алдында оның қандай шартпен беріліп жатқанын нақтылап алған жөн.

Ең бастысы, кез келген төлемнің дәлелі болуы керек. Ақшаны қолма-қол берсеңіз, міндетті түрде қолхат алыңыз. Ал банкке аударсаңыз, төлем түбіртегін сақтаңыз. Себебі дау туса, сот қос тараптың ауызша айтқанына ғана емес, ұсынылған дәлел мен құжаттарға сүйенеді. Сондықтан үй сатып алу кезінде де, көлік алу немесе жалға алу кезінде де ақша аударымдарын құжатпен растау маңызды, — дейді Арыс Данағатов.

Естеріңізге салайық, енді Қазақстанда тұрғын үй кезегіне онлайн тұрып, мәртебесін де телефон арқылы бақылауға болады. Азаматтар тұрғын үйге мұқтаж жандар есебіне Orken.otbasybank.kz порталына тіркеле алады.

Жаңартылды:

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?