Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин ауқатты азаматтарға берілетін әлеуметтік көмекті қайта қарау мәселесіне қатысты пікір айтты. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
А санатында 70 мыңнан астам адам бар
Оның айтуынша, қазір азаматтарды санаттарға бөлу бойынша талдау жүргізіліп жатыр.
Бұл санатқа 522 мың адам жатады. Оның ішінде А санатында 70 мыңнан астам адам бар. Қазір осы санаттағы адамдарға талдау жүріп жатыр. Нарықтағы жағдайға сәйкес, азаматтарға тиісті ұсыныстар жолданады. Менің ойымша, бұл бағытта жұмыс істеу керек. Негізі, бұл мәселеде қателікке жол бермеуіміз керек. Кеше де осы мәселені талқыладық, – деді Серік Жұманғарин Құрылтайдағы брифиңде.
«Бизнеске тиіспейміз»
Министр әлеуметтік көмекті қысқарту кезінде кәсіпкерлерге қатысты шектеулер қарастырылмайтынын да айтты.
Әлеуметтік көмекті азайтуға қатысты құрылтай отырысында премьер-министр де айтып кетті. Премьер-министрдің сөзі – үкіметтің пікірі. Бизнеске тиіспейміз. Бизнесті қолдауды әрі қарай жалғастырамыз, – деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін премьер-министр Олжас Бектенов ауқатты азаматтарға берілетін жәрдемақыны тоқтату арқылы үш жылда 2,5 трлн теңге үнемдеуге болатынын мәлімдеген еді. Ол бұл туралы құрылтайда «2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын талқылау кезінде айтқан.
Еске салайық, Қазақстанда 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап отбасылардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын бағалау тәртібіне қатысты түсіндіру берілді. Қазақстанда отбасылар 5 санатқа бөлінеді.