Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебінің 48 оқушысы тамақтан уланып, ауруханаға түсуіне байланысты қылмыстық іс қозғалды. Қазір полиция оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, іс Бостандық аудандық полиция басқармасының бөлімінде тіркелген. Тергеу аясында санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметінің тексеру нәтижелері де ескеріледі.
Бұл жағдай бойынша Бостандық аудандық полиция басқармасы жанындағы полиция бөлімінде қылмыстық іс қозғалды. Қазір жүргізіліп жатқан тергеу әрекеттері, оның ішінде санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметінің тексеру қорытындысы негізінде оқиғаның барлық мән-жайы анықталып, тиісті процестік шешім қабылданады, – делінген полиция хабарламасында.
ДСМ шұғыл тексеру бастады
Денсаулық сақтау министрлігі де шұғыл тексеру бастаған. Мектептің тамақтану блогын тексерген мамандар санитариялық талаптар бұзылған деген қорытындыға келген. Олар бес қаулы шығарып, шектеу енгізген және дезинфекция жүргізген. Осы күндері балалармен араласқан жақындары да бақылауға алынған.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің мәліметінше мамандар Master Food ЖШС-нің тамақтану блогын тексеріп, азық-түлік өнімдерін сақтау, дайын тағамдардың тәуліктік сынамаларын алу және тамақтануды ұйымдастыру талаптарының бұзылғанын анықтады, — деп хабарлайды ДСМ.
Тамақтан уланған оқушылар саны 48-ге жетті
Айта кетейік, бұған дейін мектептің 47 оқушысы тамақтан уланып, ауруханаға түскені хабарланған еді. Кейін Алматы қаласының денсаулық сақтау басқармасы тағы бір баланың ауруханаға жатқызылғанын мәлімдеді. Осылайша, зардап шеккен оқушылар саны 48-ге жетті.