Қазақстандық балуандар Юсуф Ашрапов пен Айбек Айтбеков АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өтіп жатқан 23 жасқа дейінгі балуандар арасындағы әлем чемпионатында алтын жеңіп алды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, грек-рим күресінен сынға түскен отандастарымыз 72 және 60 келіге дейінгі салмақ дәрежелерінде топ жарды.
Юсуф Ашрапов финалда армениялық балуанды жеңді
72 келіге дейінгі салмақта күрескен Юсуф Ашрапов жарысты сенімді жеңістермен бастап, финалға дейін жетті. Шешуші белдесуде ол Армения өкілі Гаспар Тертерянмен кездесті.

Тартысты өткен белдесуде қазақстандық балуан 4:3 есебімен жеңіске жетіп, U23 әлем чемпионы атанды.
Айбек Айтбеков қарсыласын ірі есеппен ұтты
60 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Айбек Айтбеков те барлық қарсыласынан басым түсіп, алтын иеленді.
Финалға шығу үшін өткен белдесуде ол украиналық Евген Поковбаны 5:4 есебімен жеңді. Ал алтын жүлде үшін әзірбайжандық Елмир Алиевпен кездесіп, 13:4 есебімен айқын басымдық танытты. Осылайша, Қазақстан құрамасының қоржынына грек-рим күресінен екі алтын түсті.
Тағы екі қазақстандық балуан медальға таласады
Қазақстан құрамасының тағы екі өкілі әлем чемпионатында жүлдеге таласады. 87 келіге дейінгі салмақта Темірлан Тұрдақын жартылай финалда Ресей балуанын 2:1 есебімен жеңіп, финалға жолдама алды. Енді ол алтын медаль үшін Иран өкілі Ясин Әли Яздиимен белдеседі.
Ал 130 келіге дейінгі салмақта күрескен Джохар Узаров жартылай финалда қарсыласына есе жіберді. Ол енді әлем чемпионатының қола медалі үшін күреседі.
Еске салайық, Қазақстан құрамасының қоржынына ХХ жазғы Азия ойындарында тоғызыншы алтын медаль салған жеңіл атлет Ясмина Тоқсанбаева медалінен айырылды.