Қазақстанда 2026 жылғы қыркүйекте тұрғын үйді сатып алу-сату бойынша 35 406 мәміле тіркелді. Бұл тамыз айымен салыстырғанда 1,1%, ал 2025 жылғы қыркүйекпен салыстырғанда 14,3% аз. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Баспана саудасы қай өңірлерде төмендеді?
Бір ай ішінде Қазақстанның сегіз өңірінде тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны азайған. Көрсеткіш ең көп төмендеген өңір — Қостанай облысы, 10,2%. Қарағанды облысында көрсеткіш 10,1%-ға қысқарған.
Алматыда мәмілелер саны бір айда 5,7%-ға, Шымкентте 5,6%-ға, Астанада 4,4%-ға азайды.
Кейбір өңірлерде тұрғын үй саудасы өскен. Түркістан облысында мәмілелер саны 24,8%-ға, Жамбыл облысында 13,3%-ға, Жетісу облысында 12,1%-ға артты.
Қыркүйекте баспана ең көп сатылған өңірлер:
- Алматы — 7 248 мәміле;
- Астана — 6 119 мәміле;
- Қарағанды облысы — 2 540 мәміле.
Ал Ұлытау облысында бар болғаны 280 мәміле тіркелген.
Бір жылда қай өңірлерде сауда азайды?
2025 жылғы қыркүйекпен салыстырғанда тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны 16 өңірде төмендеген.
Көрсеткіш ең көп төмендеген өңір — Астана, 29,2%. Алматыда көрсеткіш 18,2%-ға, Қызылорда облысында 21,3%-ға қысқарған.
Ал Түркістан облысында тұрғын үй саудасы бір жылда 24,7%-ға өскен. Жетісу облысында өсім 4,9%, Солтүстік Қазақстан облысында 4,6%, Жамбыл облысында 4% болған.
Жалпы, 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында Қазақстанда тұрғын үйді сатып алу-сату бойынша 296 657 мәміле тіркелген. Бұл 2025 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 5,6%-ға аз.

Қазақстан тұрғындары қандай баспана сатып алды?
Қыркүйекте пәтерлерге қатысты 27 096 мәміле, ал жеке тұрғын үйлер бойынша 8 310 мәміле жасалған.
Сатып алушылар арасында бір бөлмелі пәтерге сұраныс көп. Бұл санат бойынша 10 434 мәміле тіркелген. Екі бөлмелі пәтерлерге қатысты 10 006, ал үш бөлмелі пәтерлер бойынша 5 444 мәміле жасалған.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін пәтер сатқанда төленетін салық, Қазақстандағы бір бөлмелі пәтер бағасы және пәтерді жалға алу шартына қол қоймас бұрын ескеру қажет заң талаптары туралы жазылды.