Бірінші кредиттік бюроның Data Hub каналының хабарлауынша, елімізде IT кәсіпорындарының әр екінші қызметкері 1 млн теңгеден көп жалақы алады. Олардың ішінде айына 2 млн теңгеден және 3 млн теңгеден көп алық алатындар да бар. Мұны Baribar.kz хабарлап отыр.
Ұлттық статистика бюросының 2026 жылғы сәуірдегі іріктемелік зерттеу нәтижелесі бойынша, компьютерлік бағдарламалау саласындағы мамандардың 48%-ының еңбекақысы 1 млн теңгеден асады. Бұл зерттеуге шағын бизнесті есепке алмағанда, барлық ірі кәсіпорын, орта және шағын кәсіпорындардың бір бөлігі қамтылып, 19,4 мың қызметкер қатысқан.
Бір қызығы, жалақысы 1 млн теңгеден асатын IT-кәсіпорындарының қызметкерлері жалақы мөлшері бойынша бір-бірінен айтарлықтай ерекшеленуі мүмкін:
- Олардың жалпы санының 37%-ы 2 млн теңгеден астам табыс табады (9,4 мың адамның 3,5 мың адамы);
- 13%-ы 3 млн теңгеден астам айлық алады (1,2 мың адам).
Зерттеуге қатысқан IT мамандарының басым көпшілігі — ер адамдар. Олардың үлесіне іріктелген топтың 64%-ы (12,3 мың адам) тиесілі. Ер-азаматтар арасындағы «миллионерлердің» үлесі 56% болса, әйелдер арасында бұл көрсеткіш — 35%. 3 миллион теңгеден көп жалақы алатын 1,2 мың қызметкердің ішінде 96-сы — әйел.
Арлан Аманбаев, IT саласының маманы:
– Қазір мен уеб-әзірлеу, уеб-қолданба мен мобайл қолданба жасау бағытында жұмыс істеймін. Ай сайынғы табыс әртүрлі болады. Аса көп күш жұмсамасаңыз, айына шамамен 400 мың теңге табуға болады. Ал белсенді әрі тынбай еңбек етсеңіз, табысыңыз 800 мың теңгеден басталады. Бұл — тек фриланстан түсетін табыс.
Цифрландыру жөніндегі ұлттық жоба аясында 2025 жылға дейін Қазақстанда жоғары білікті 100 мың IT маманын даярлау жоспарланған еді. Мемлекет басшысы үкіметке осындай міндет жүктеген.
Цифрлық даму министрлігінің мәліметінше, елде IT саласында еңбек ететін мамандар, шамамен 180 мың адамға жеткен.
Бір айта кететіні, жалақы салықтар мен басқа да міндетті төлемдерді ескереді. Зерттелген кәсіпорындардың экономикалық қызмет түрінің толық атауы – «Компьютерлік бағдарламалау, консультациялық және басқа да ілеспелі қызметтер».