Басты бет / Жаңалықтар /
зейнетақы
Фото: Baribar.kz|Жасанды интеллект

Қазақстанда зейнетақы жинақтарына кепілдік беру тәртібі өзгереді

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) жинақтардың сақталуына берілетін мемлекет кепілдігін жүзеге асыру тәртібі өзгереді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Зейнетақыға берілетін мемлекет кепілдігі жойыла ма?

Жаңа тетік мемлекет кепілдігінің қолданылу қағидаларын қайта қарастырады. Алайда бұл зейнетақы жарналарының сақталуына берілетін мемлекет кепілдігінен толық бас тартуды білдірмейді.

Қазіргі тәртіп бойынша азамат зейнетақы төлемдерін алуға құқылы болған кезде оның БЖЗҚ-ға нақты аударған міндетті зейнетақы жарналары инфляция деңгейі ескеріліп есептеледі. Осы есептелген сома мен қордағы нақты жинақ көлемінің арасында айырмашылық болса, мемлекет оны республикалық бюджет есебінен өтейді.

Атап айтқанда, инвестициялық кіріс инфляция деңгейінен төмен болған жағдайда, салымшы жинақтары құнсыздануы мүмкін. Қолданыстағы механизм осындай айырманы өтеуге бағытталған.

Мемлекет кепілдігі қалай өзгереді?

ҚР Әлеуметтік кодексінің 217-бабына сәйкес, мемлекет БЖЗҚ-ға нақты аударылған зейнетақы жарналарының бастапқы мөлшерде сақталуына кепілдік береді.

Еңбек министрлігінің түсіндіруінше, бұрын азаматтар өздерінің зейнетақы жинақтарының қалай инвестицияланатынына тікелей ықпал ете алмады. Инвестициялық саясатты мемлекет айқындап, салымшылардың қаражатын басқару мүмкіндігі шектеулі болды. Осыған байланысты мемлекет инвестициядан түскен кіріс инфляция деңгейінен төмен болған кезде пайда болатын айырманы өтеу міндетін өз мойнына алған.

Қазір салымшылардың зейнетақы жинақтарын басқаратын компанияны және инвестициялау стратегиясын таңдау мүмкіндігі кеңейіп келеді. Осыған байланысты мемлекет кепілдігін бұрынғы тәртіппен қолданудың бастапқы негізі өзгеріп отыр.

Зейнетақы активтері кімнің бақылауында болады?

Мемлекет кепілдігін іске асыру тетігі өзгергенімен, зейнетақы активтерін басқару жүйесі мемлекет бақылауында қалады.

ҚР президенті басқаратын Ұлттық қорды басқару жөніндегі кеңес инвестициялық саясаттың негізгі бағыттарын айқындайды. Активтерді басқарудың тиімділігін арттыру жөніндегі ұсыныстарды қарайды және инвестициялау нәтижелері туралы есептерді тыңдайды.

ҚР Ұлттық банкі зейнетақы активтерін инвестициялауға рұқсат етілген қаржы құралдары тізімін қалыптастырады. Ал үкімет инвестициялық саясаттың тиіс тәсілдері мен негізгі параметрлерін бекітеді.

Осылайша, зейнетақы активтерін инвестициялау мен басқаруға қатысты негізгі шешімдер белгіленген мемлекеттік бақылау тетіктері аясында қабылданады.

Салымшылар не білуі керек?

2027 жылдан бастап енгізілетін өзгерістер мемлекет кепілдігің бұрынғы механизмін жаңа тәртіппен алмастыруға бағытталған. Қазіргі жүйеде инфляция ескеріліп есептелген жарналар сомасы мен нақты жинақ арасында айырмашылық туындаса, мемлекет оны өтейді. Ал жаңа тәртіп бойынша мемлекет БЖЗҚ-ға аударылған зейнетақы жарналарының бастапқы мөлшерде сақталуына кепілдік береді.

Бұл ретте мемлекет кепілдігің өзгеруі зейнетақы активтерін басқару жүйесіндегі мемлекеттік бақылаудың жойылуын білдірмейді. Инвестициялық саясаттың негізгі бағыттары мен рұқсат етілген қаржы құралдары белгіленген тәртіппен айқындалады.

Жаңа тетік 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі. Оның негізгі мақсаты — зейнетақы жинақтарының сақталуына берілетін мемлекет кепілдігін жүзеге асыру тәртібін өзгерту.

Естеріңізге салайық, бұған дейін Baribar.kz қайтыс болған адамның зейнетақы қорындағы қаражаты кімге берілетіні, шетелге көшкен отандастарға зейнетақы төлеу тәртібі және мерзімінен бұрын зейнетке шығуға құқылы азаматтар туралы жазған болатын.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?