Басты бет / Жаңалықтар /
жедел жәрдем, коронавирус
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Петропавлда қамыр илейтін аппаратты тазалап жатқан жұмысшы қаза болды

Петропавлда нан илейтін аппаратты тазалап жатқан 35 жастағы жұмысшы қаза болды. Өндірістік қондырғының қалақтары мен біліктері кенеттен іске қосылып, ер адамды ішіне тартып кеткен. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің мәліметінше, оқиға 12 қазанда сағат 03:00 шамасында Петропавлдағы Труд көшесінде орналасқан өндіріс нысандарының бірінде болған.

Қамыр илейтін аппарат жұмысшыны ішіне тартып кеткен

Департамент мәліметінше, кәсіпорынның өндірістік желісі қамыр илейтін аппаратты ішіндегі қалдықтардан тазарту үшін тоқтатылған. Осы кезде престеуші болып жұмыс істеген ер адам жабдықтың ішкі бөлігін тазалауға кіріскен.

Алайда жұмыс барысында аппараттың қалақтары мен біліктері іске қосылып, жұмысшыны ішіне тартып кеткен. Ер адам алған ауыр жарақаттарынан оқиға орнында қаза болды.

Қылмыстық іс қозғалды

Жазатайым оқиға мемлекеттік еңбек инспекциясының бақылауына алынды. Оқиғаның себептері мен мән-жайын анықтау үшін арнайы комиссия құрылып, қазір тергеу жүргізіп жатыр.

Аталған факті бойынша полиция еңбек қауіпсіздігі қағидаларын бұзу салдарынан адам өліміне әкеп соққан жағдайға қатысты қылмыстық іс қозғады.

Өндірістік қондырғының ішіне құлау салдарынан кәсіпорынның 35 жастағы жұмысшысы ауыр жарақаттар алып, қаза болды. Қазір оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты әрі объективті анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, – деп хабарлады Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Естеріңізге салайық, бұған дейін Baribar.kz Ақтөбеде жұмысшы өндірістегі жарақаты үшін 10 млн теңге моральдық өтемақы өндіріп алғаны және жұмысшылардың қауіпсіздігіне қатысты бірнеше оқиға туралы жазған болатын.

Жаңартылды:

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?