Пәтерді су басса, бүлінген жиһаз бен жөндеуге кеткен шығынды кім өтейді? Мұндай жағдайда мәселені шешу үшін судың қайдан аққанын анықтап қана қоймай, кімнің кінәлі екенін тауып, қажет құжаттарды жинау керек. Заң бойынша, шығынды өтеуді талап етуге болады, алайда ол үшін нақты дәлел маңызды. Төбеден, жылу батареясынан су кетсе, не істеу керек, өтемақыны қалай алуға болады және көршіңіз шығынды өтемесе, қайда жүгіну қажет? Baribar.kz тілшісі жылу қосылғанда жиі болатын жағдайды талдап, қалай әрекет ету керек екенін білді.
Алдымен суды тоқтатқан жөн
«Галерея новостроек» тұрғын үй таңдау ұйымының жазуынша, ең алдымен аққан суды тоқтатып, өзгелерді қауіптен арашалау керек. Егер су электр сымына, тоқ өткізгіштерге немесе электр құрылғыларына тисе, оларды қолмен ұстамаңыз. Қауіпсіз болса ғана, электр қуатын қалқаннан ажыратыңыз. Электр қалқаны су болып қалса немесе оған жақындау қауіпті болса, мамандарды шақырған абзал.
Мүмкін болса, пәтердегі суды өшіріңіз. Сонымен қатар жоғарғы қабаттағы көршілерге хабарласып, пәтеріңізді су басып жатқанын ескертіңіз. Егер көршілер пәтерді жалдап тұрса, иесіне де хабар берген жөн.
Үйді басқаруға жауапты ұйымға, МБҚ-ға (ОСИ), ПИК-ке (КСК) немесе басқарушы компанияға қоңырау шалып, сантехник немесе бригаданы шақыру керек. Өтінімнің нөмірін, қоңырау шалған уақытыңызды және сөйлескен адамның аты-жөнін жазып қойыңыз. Егер жағдай адам өміріне немесе қауіпсіздігіне қатер төндірсе, 112 нөміріне хабарласуға болады. Ал 109 нөмірі коммуналдық мәселе бойынша кеңес алуға немесе өтінім қалдыруға арналған.
Дәлел ретінде жағдайды фото-видеоға түсіріп алыңыз
Су тоқтағаннан кейін залалдың көлемін дәлелдейтін дерек жинау керек. Мүмкін болса, тазалау мен жөндеу басталмай тұрып, зақымданған жерлердің барлығын фотоға және бейнеге түсіріңіз. Төбеден аққан су ізін, қабырғаның дымқылданған тұсын, желімінен ажыраған тұсқағаздарды, бүлінген еденді, жиһаз бен тұрмыс техникасын толық тіркеген жөн.
Егер бүлінген заттарды сатып алғаныңызды растайтын түбіртектер, кепіл құжаты немесе бұрын түсірілген фотосуреттері болса, оларды сақтаңыз. Кейін бұл материалдар залалдың көлемін анықтауға және өтемақы талап етуге көмектеседі.
Ең бастысы, қауіпсіздік талабын сақтаңыз. Су басқан бөлмеде электр құрылғыларын қоспаңыз, ылғал тоқ өткізгіштерге жақындамаңыз және электр жүйесінің қауіпсіздігіне көз жеткізбей жатып бөлмені тазалауды бастамаңыз.
Су басқаны туралы акт жасатыңыз
Су басқанын ресми түрде тіркеу — өтемақы талап еткен кездегі маңызды қадамның бірі. Ол үшін үйді басқаруға жауапты ұйымның өкілін шақырып, акт толтыруын сұраңыз. Құжатты мүмкіндігінше тез рәсімдеген дұрыс, себебі, уақыт өткен сайын апаттың себебі мен салдарын анықтау қиындауы мүмкін.
Актіде оқиғаның күні, уақыты мен мекенжайы, тексеріске қатысқан адамдардың аты-жөні, апаттың себебі көрсетілуі керек. Сонымен қатар су басқан бөлмелердің, қабырғалардың, төбенің, еденнің және басқа мүліктің жай-күйі мүмкіндігінше нақты сипатталуы қажет. Фото және бейнематериалдар да тіркеліп, олардың тізімі актіде көрсетілгені жөн.
Кейін актінің көшірмесін міндетті түрде алыңыз.
Залалға кім жауап береді?
Егер су көршінің пәтеріндегі сантехникадан, кір жуғыш машинадан немесе басқа тұрмыс құрылғысынан ақса, жағдайға қарай көрші немесе пәтердің иесі жауапты болуы мүмкін.
Ал апат ортақ құбырдан, тік су құбырынан, шатырдан немесе үйдің ортақ инженерлік жүйесінен болса, үйді басқаруға жауапты ұйымнан жауап алу керек.
Өтемақы талап ету жолы
Су басқаны туралы акт жасалғаннан кейін жөндеу мен бүлінген мүлікті қалпына келтіруге кететін шығынды есептеу керек. Егер шығын аз болса және қос тарап келіссе, жөндеу құнын мамандармен бірге есептеуге болады. Алайда шығын көлемі үлкен болса немесе көрші өтемақы төлеуге келіспесе, тәуелсіз бағалаушының есебіне жүгінген дұрыс.
Пәтер сақтандырылған болса
Егер пәтеріңізге немесе мүлкіңізге сақтандыру полисі рәсімделген болса, оқиға туралы сақтандыру компаниясына мүмкіндігінше тез хабарлаңыз. Сақтандыру төлемі полисте көрсетілген апат түріне, сақтандыру сомасына, франшизаға және басқа шарттарға байланысты болады. Сондықтан компаниядан қандай құжат қажет екенін, бүлінген мүлікті жөндеуге дейін тексеру талап етіле ме және өтінішті қандай мерзімде беру керек екенін нақтылаңыз.
Әкімдік не дейді?
Естеріңізге салайық, Алматыда биыл жылу 9 қазаннан бастап қосылды. Әкімдіктің мәлімдеуінше, қалада жылу жүйесіне қатысты мәселені жедел шешу үшін тәулік бойы жұмыс істейтін жедел әрекет ету штабы бар. Жылу берілмесе, құбырдан су ағып, пәтерді су басса немесе жылу жүйесі дұрыс болмаса тұрғындар 109 нөміріне, 225-14-31 нөміріндегі бірыңғай диспетчер орталығына немесе көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару органдарына хабарласа алады. Қала әкімдігі тұрғындарға жылу жүйесін өз бетінше тексеруге, радиаторларды шешуге болмайтынын хабарлады. Себебі, бұл апатқа және жылудың уақытша өшуіне әкелуі мүмкін.
***
Тағы оқыңыз: