Қайрат Нұртас Шымкенттегі концертінде болған жағдайға қатысты сын айтқан блогерге жауап берді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Әнші әзірге оқиғаға байланысты ресми мәлімдеме жасамағанымен, әлеуметтік желідегі видеолардың бірінің астына пікір қалдырған.
Блогер концерттегі көрермендердің әрекетін сынады
Концерттен түсірілген видеолар әлеуметтік желіде кеңінен тарады. Кадрлардан стадионға қарай ағылған адамдарды, сонымен қатар қалың топтың арасынан шығуға тырысып, көмек сұраған көрермендерді көруге болады. Жағдай қоғамда қызу талқы туғызды. Бірі концертті ұйымдастыру деңгейін сынға алса, енді бірі көрермендердің әрекетін айыптады. Әлеуметтік желіде концертке билетсіз келген адамдар да болғаны туралы пікірлер айтылды.
Көп тараған видеолардың бірінде блогер жастардың концерт кезінде бір-бірімен жағаласып, кептеліс тудырғанына наразылық білдірген.
Кітап үшін осылай таласыңдар. Жастарымызға қарап жағамды ұстап отырмын. Концертте неге өліп-өшіп, осындай дүрбелең жасайсыңдар? Одан да оқып, дамыңдар, – деген ол.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
«Шетел әншілеріне барып жүре беріңдер»
Блогердің видеосы көп қаралым жинап, жазба астындағы пікірталасқа Қайрат Нұртас та қосылған. Әнші видео авторына жауап ретінде: «Қатты кеттің. Онда шетел әншілеріне барып жүре беріңдер», – деп жазған.
Қайрат Нұртас блогер жағдайды әсірелеп көрсеткенін де атап өткен. Кейбір қолданушылар әншінің жауабын сынға қарсылық ретінде қабылдаса, енді бірі оның пікірін қолдаған. Әлеуметтік желідегі талқылау жалғасып жатыр. Бір топ қолданушы әншіні қолдап, концерттеріне баруды жалғастыратынын айтса, енді бірі блогердің сынымен келісіп, көрермендердің әрекетін құптамады.
Әзірге Қайрат Нұртас концерттегі жағдайға байланысты жеке ресми мәлімдеме жасаған жоқ.
Еске салайық, 10 қазанда Шымкенттегі Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы стадионда Қайрат Нұртастың концерті өтті. Оқиғадан кейін полиция қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызмет көрсету фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Концерт ұйымдастырушылары полиция бөлімшесіне жеткізілді.
Алдын ала мәлімет бойынша, сатылған билеттер саны стадионның сыйымдылығынан асып кетуі мүмкін. Оқиға кезінде сегіз адам медициналық көмекке жүгінген. Олардың жетеуі тексеруден кейін үйлеріне жіберілсе, 18 жастағы бойжеткен ауруханаға жатқызылған.
Шымкентте Қайрат Нұртастың концерті кезінде «үш адам қаза болды» деген жалған ақпарат таратқан әйел анықталды. Полиция оған қатысты материалдарды сотқа жолдады.