Басты бет / Жаңалықтар /
мектеп, оқушы, мектеп формасы. Алматы
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Мектеп оқушылары қалай амандасуы керек? Министрлік жаңа ұсынымдар әзірлеп жатыр

Қазақстанда оқушылардың амандасу әдебіне қатысты әдістемелік ұсынымдар әзірленіп жатыр. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова құрылтай депутаттарының сауалына жауап берді.

Министрдің айтуынша, білім алушылардың бойында ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды қалыптастыру жұмысы «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында жүргізіліп жатыр.

Тәрбие бағдарламасы 20 мыңнан астам білім беру ұйымында жүзеге асырылады

Жұлдыз Сүлейменова мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркістанда өткен ұлттық құрылтайдың екінші отырысында берген тапсырмасына сәйкес «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы әзірленгенін атап өтті.

Бағдарлама жаңа халықтық Конституцияның құндылықтары, «Таза Қазақстан», «Заң мен тәртіп», «Еңбек адамы» идеологемалары негізінде жүзеге асырылады. Оның мақсаты — білім алушылардың бойында ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды қалыптастыру, мәдени мінез-құлық пен әдеп нормаларын сақтауға, жауапкершілік пен өзара құрметке баулу.

Министрдің мәліметінше, бағдарламаның негізгі құндылықтары — тәуелсіздік пен патриотизм, бірлік пен ынтымақ, әділдік пен жауапкершілік, заң мен тәртіп, еңбекқорлық пен кәсіби біліктілік, жасампаздық пен жаңашылдық мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартына және білім беру ұйымдарындағы оқу-тәрбие процесіне енгізілген.

Қазір бағдарлама республикадағы 20 877 білім беру ұйымында іске асырылып жатыр. Оның ішінде 12 066 мектепке дейінгі ұйым, 8 048 мектеп және 763 колледж бар. Тәрбие жұмысы оқу және сабақтан тыс іс-шаралар, сынып және курс сағаттары аясында жүргізіледі.

Әдістемелік ұсынымдарды ғалымдар мен сарапшылар әзірлеп жатыр

Жұлдыз Сүлейменова білім алушылардың амандасу әдебін қалыптастыру ұлттық мәдениет пен дәстүрді дәріптеу, үлкенді құрметтеу, кішіге ізет көрсету, өзара сыйластық пен әдептілік құндылықтарын орнықтыру тұрғысынан маңызды екенін айтты.

Мемлекет басшысының амандасу әдебін ұлттық құндылықтарға сай дамыту жөніндегі тапсырмасы тәрбие жұмысын жетілдіруге негіз болады. Бүгінде оқу-ағарту министрлігінің Ы. Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясы ғалымдар, сарапшылар, азаматтық қоғам өкілдерінен жұмыс тобын құрды. Білім алушылардың амандасу әдебіне байланысты әдістемелік ұсынымдар әзірлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, — деді министр.

Оның сөзіне қарағанда, ұсынымдарды әзірлеу барысында білім беру процесіне қатысушылардың, мүдделі тараптардың және мемлекеттік органдардың ұсыныстары мен пікірлері ескеріледі. Құжаттың мазмұны депутаттармен де қосымша талқыланады.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Baribar.kz мектепте оқушының телефон қолдану тәртібі, оқушыларды бағалау жүйесі және мектеп формасына қойылатын талаптар туралы жазған еді.

Жаңартылды:

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?