Қазақстанда жалдамалы жұмыс істейтін азаматтардың көбі ресми орташа жалақыдан аз табыс табады. Ең көп таралған жалақы мөлшері – 200–300 мың теңге аралығы. Бұл санатқа елдегі әрбір бесінші қызметкер кіреді. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйеніп, Baribar.kz хабарлап отыр.
Ең көп таралған жалақы – 200–300 мың теңге
Зерттеуге жалпы саны 3 378 668 қызметкер жалақысы енгізілген. Мәліметтерге сәйкес, олардың 60%-ға жуығы айына 400 мың теңгеден аз табыс табады.
Статистикаға сәйкес, 677 652 адам немесе жұмысшылардың 20,06%-ы ай сайын 200–300 мың теңге аралығында жалақы алады. Бұл – зерттеуге енген топтар арасындағы ең жоғары көрсеткіш.
Ал 649 174 қызметкердің (19,21%) айлық табысы 100–200 мың теңге шамасында. Тағы 622 127 адам (18,41%) 300–400 мың теңге алады.
Ресми деректерде айына 100 мың теңгеге дейін жалақы алатын 75 972 қызметкер тіркелген. Оның ішінде 32 332 адамның табысы 85 мың теңгеден аспайды.
Миллион теңгеден жоғары жалақы алатындар аз
Ай сайынғы жалақысы 1 млн теңгеден асатын қызметкерлердің саны – 187 994 адам. Бұл – зерттеуге қатысқан жұмысшылардың шамамен 5,6%-ы.
Ал 3 млн теңгеден жоғары жалақы алатындар – 14 552 адам немесе жалпы санның 0,43%-ы.
Қазақстандағы орташа номиналды жалақы 486 388 теңге болғанымен, қызметкерлердің басым бөлігі бұл көрсеткішке жетпейді.
Тағы оқыңыз:
Ең төменгі жалақы 150 мың теңгеге дейін көтеріле ме? Министр жауап берді