Басты бет / Жаңалықтар /
Алматы қаласы, саябақ, парк, Алматы таулары, демалыс, ауа райы жаз, катамаран
Фото: Алматы әкімдігі

Алматыда «Халық қатысатын бюджет» жобасына өтінім қабылдау басталды

2026 жылғы 12 қазан мен 1 қараша аралығында Алматы тұрғындары «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында абаттандыруға қатысты ұсыныстарын бере алады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Жоба туралы

Іріктеуден өтіп, дауыс беру нәтижесінде қолдау тапқан жобаларды аудан әкімдіктері 2027 жылы іске асыруды жоспарлап отыр.

Бағдарлама қала тұрғындарына қаланы жақсартуға арналған бастамаларын ұсынуға және маңызды жобаларды таңдауға қатысуға мүмкіндік береді.

Өтінімдер budget.open-almaty.kz порталы арқылы электрон түрде қабылданады. Қатысу үшін жоба атауы мен сипаттамасын, оны жүзеге асыру жоспарланған мекенжайды көрсету, сызбасы мен алдын ала сметасын тіркеу қажет. Бұл кезеңде толық жобалау-сметалық құжаттама әзірлеу міндетті емес.

Бір жоба құны 324,3 млн теңгеден аспауға тиіс. Ұсыныс қоғам қажетіне бағытталып, ауданның сұранысына сай болуы және аудан әкімдігінің құзыретіне кіруі керек. Жеке коммерция мақсатындағы жобалар қабылданбайды.

Қандай жобаларды ұсынуға болады?

Тұрғындар мына бағыттар бойынша бастама көтеруге болады:

  • аумақтарды көгалдандыру;
  • тротуарлар, пандустар мен арықтар салу және жөндеу;
  • саябақтар, жасыл аймақтар мен жаяу жүргіншілер аймақтарын абаттандыру;
  • қаладағы инфрақұрылым нысандарын жөндеу;
  • заңсыз қоқыс орындарын жою;
  • орындықтар, қоқыс жәшіктері мен күркелер орнату;
  • балалар және спорт алаңдарын салу, жөндеу;
  • аумақтарды көркейтуге бағытталған басқа да жобалар.

Өтінімдер қалай іріктеледі?

Өтінім қабылдау аяқталған соң жобаларды аудандардың сараптама кеңестері қарайды. Бағалау кезінде бастаманың маңызы, оны жүзеге асыру мүмкіндігі, белгіленген бағыттарға сәйкестігі және бұрын іске асырылған жобаларды қайталамауы ескеріледі.

Қарау қорытындысы бойынша өтінімге үш мәртебенің бірі беріледі: «Дауыс беруге жіберілді», «Пысықтауға жіберілді» немесе «Қабылданбады». Пысықтауға жіберілген жобалардың авторлары ұсыныстарына өзгеріс енгізіп, оларды қайта қарауға ұсына алады.

Дауыс беру де budget.open-almaty.kz порталында электрон форматта өтеді. Нәтижесінде қолдау тапқан бастамалардың ішінен бөлінген қаржыландыру көлеміне сәйкес жүзеге асырылатын жобалар анықталады.

Тағы оқыңыз:

Астанада жеңілдетілген ипотекаға өтінім қабылдау басталды

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?