Алматыда 61 жастағы ер адамды өлтіру дерегі бойынша төрт күдікті ұсталды. Тергеу барысында күдіктілердің марқұмның пәтерін заңсыз иемденуі мүмкін екені анықталған. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Әлеуметтік желіде оқиғаның барысы түсірілген видео тараған. Кадрларда екі ер адамның мәйітті қара пакетке орап, иығына салып алып кеткені көрінеді. Марқұмның көршілері болған оқиға туралы полицияға хабарлаған.
Төрт күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды
Полицияның мәліметінше, қылмысқа қатысы бар деген күдікпен төрт адам ұсталған. Қазір олардың барлығы уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Алматыда 61 жастағы тұрғынды өлтіру ісі бойынша полиция төрт адамды ұстады. Тергеу барысында қылмыстың мән-жайы, күдіктілердің жеке басы және марқұмның пәтерін заңсыз иемденген болуы мүмкін екені анықталды, – делінген полиция департаментінің хабарламасында.
Қазір полицейлер оқиғаның мән-жайын анықтау үшін қажетті жедел-тергеу шараларын жүргізіп жатыр.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Тергеу министрдің жеке бақылауында
Қылмыстық істі тергеу үшін Ішкі істер министрлігінің тәжірибелі қызметкерлерінен арнайы тергеу-жедел тобы құрылған.
Қылмыстық істі тергеу үшін ІІМ-нің ең тәжірибелі қызметкерлерінен арнайы тергеу-жедел тобы құрылды. Тергеу барысы ішкі істер министрінің жеке бақылауында. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді, – деп хабарлады Алматы қаласының полиция департаменті.
Қазір тергеу жалғасып жатыр.