Қоңыр күздің салқын кешінде жылы атмосфера сыйлайтын, махаббат пен өмір туралы ойландыратын фильм көргіңіз келе ме? Baribar.kz күзгі көңіл күйге сай келетін, романтикасы мен ерекше оқиғасы бар бес фильмді ұсынады.
«Хәрри Сәллиді кезіктіргенде…» («Когда Гарри встретил Салли», 1989) – режиссер Роб Райнердің ер мен әйел арасындағы достық туралы романтикалық комедиясы. Хәрри мен Сәлли кездейсоқ танысып, жылдар бойы ер мен әйелдің арасында шынайы достық болуы мүмкін бе деген сұраққа жауап іздейді. Фильм махаббат, қарым-қатынас және уақыт өте келе достықтың терең сезімге айналуы туралы баяндайды.

«Тәтті қараша» («Сладкий ноябрь», 2001) – махаббат пен өмірге деген көзқарасты өзгертетін кездесу туралы романтикалық драма. Жұмысқа бар уақытын арнаған Нелсон деген жарнама маманы ерекше мінезді Сарамен танысып, оның ұсынысымен бір ай бойы бірге тұруға келіседі. Осы бір айда Нелсон өмірдің шынайы құндылықтарын түсініп, махаббаттың адамды қалай өзгертетінін сезінеді.

«Нию-Йорктегі күз» («Осень в Нью-Йорке», 2000) – күзгі Нию-Йорктің әсем көріністері аясында өрбитін романтикалық драма. Фильмде өмірге жеңіл қарайтын мейрамхана иесі Уилл жас әрі ерекше Шарлоттамен танысып, оған ғашық болады. Бұл туынды махаббат құдіреті, өмірдің өткінші екенін және әр сәттің қадірін білу туралы әсерлі оқиға баяндайды.

«Ақылды Уилл Хантиң» («Умница Уилл Хантинг», 1997) – математикадан ерекше қабілеті бар, бірақ өмірде өз орнын таба алмай жүрген Уилл деген жас жігіт туралы драма. Ол университетте жұмыс істейтін профессордың назарын аударып, психолог Шонмен кездескеннен кейін өзінің ішкі қорқыныштары мен өткен өміріндегі қиындықтармен бетпе-бет келеді. Фильм достық, махаббат, өзін-өзі тану және адамның өз мүмкіндіктеріне сенуі туралы терең ой қозғайды.

«Сізге хат келді» («Вам письмо», 1998) – интернет арқылы хат алмасып, бір-біріне ғашық болған екі адамның оқиғасы туралы романтикалық комедия. Кэтлин шағын кітап дүкенін басқарады, ал Жо – ірі кітап дүкендері желісінің иесі, сондықтан өмірде олар бір-біріне бәсекелес болады. Бір-бірінің кім екенін білмей, электрон хаттар арқылы сырласа бастаған екеуінің қарым-қатынасы біртіндеп махаббатқа ұласады.

Тағы оқыңыз:
«Оскар-2027»: сарапшылар үздік фильм үміткерлерін атады
«Тақтар ойыны: Эйгонның жорығы» фильмі қашан көрсетілетіні белгілі болды