Шымкентте әнші Қайрат Нұртастың концерті кезінде қауіпсіздік талаптарының бұзылуына байланысты қылмыстық іс қозғалды. Оқиға салдарынан 18 жастағы қыз жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Бұл туралы Шымкент қаласы полиция департаменті хабарлады.
Полицияның алдын ала мәліметінше, сатылған билеттер саны концерт өтетін алаңның рұқсат етілген сыйымдылығынан едәуір асып кеткен. Соның салдарынан көрермендер шамадан тыс жиналып, олардың қауіпсіздігіне қатер төнген.
Адамдардың қысылып қалуы салдарынан 18 жастағы қыз жарақат алып, медициналық мекемеге жеткізілген.
Полиция әлжелілерде адамдардың қаза болғаны туралы тараған ақпаратты жоққа шығарды. Ведомствоның мәліметінше, оқиға кезінде қаза тапқандар жоқ.
Концерт ұйымдастырушысы, 1984 жылы туған Л. есімді азамат ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу барысы Шымкент қаласы полиция департаменті басшылығының бақылауында.
Полиция азаматтарды тексерілмеген ақпаратты таратпауға шақырып, көрінеу жалған мәлімет таратқаны үшін жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.
Посмотреть эту публикацию в Instagram