Басты бет / Қоғам /
арқан жол, тау, аспалы жол, Шымбұлақ
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Тау кластері жеткізушілері: Қазақстан бизнесіне арналған жаңа мүмкіндіктер

Алматы тау кластерін дамыту тек туризм саласына ғана емес, отандық өндірушілерге, құрылыс ұйымдары мен қызмкет көрсету компанияларына да кең мүмкіндіктер ашады.

Заманауи инфрақұрылым құру құрылыс материалдарына, жабдықтарға және қызметтерге сұраныс қалыптастырады, ал бұл қажеттіліктің басым бөлігін Қазақстан кәсіпорындары қамтамасыз ете алады. «Almaty Tau Management» ЖШС Басқарма төрағасының орынбасары А. Руденко жергілікті бизнестің мүмкіндіктері мен Қазақстан бойынша қамтуды дамыту барысы туралы айтып берді.

— Алматы тау кластерін дамыту отандық бизнеске қандай мүмкіндіктер береді?

— Тау кластері — Шымбұлақ, Бутаковка, Кімасар, Пионер және Ой-Қарағай сияқты бес ауқымды инфрақұрылым жобасы. Оны жүзеге асыру барысында жаңа нысандар салу, қолданыстағыларын жаңғырту, инженер желілерін, көлік және турист инфрақұрылымын дамыту көзделген. Бұл жұмыстарды орындау үшін жеткізушілер мен мердігерлердің ауқымды тобы қажет. Бұл — Алматы қаласының, Алматы облысының және Қазақстанның өзге де өңірлеріндегі кәсіпорындар үшін зор мүмкіндік. Мұнда сөз тек ірі компаниялар туралы емес, шағын және орта бизнес өкілдері туралы да болып отыр.

— Қазақстан өндірісінің қандай құрылыс материалдарына сұраныс болуы мүмкін?

— Қазақстан құрылыс материалдары саласында дамыған өндіріс базасы бар. Отандық кәсіпорындар цемент, бетон, темірбетон бұйымдары, кірпіш, газоблок, құрғақ құрылыс қоспалары, қиыршықтас, құм, арматура, металл және металл конструкцияларын шығарады. Құбырлар, кабель-өткізгіш өнімдері, жылу, су және шатыр оқшаулағыш материалдары, есік-терезе конструкциялары, сыр-бөяу бұйымдары, өңдеу материалдары мен көркейту элементтеріне де сұраныс көп болуы мүмкін. Бөлек бір бағыт — электр техникалық жабдықтар, жарықтандыру, желдету жүйелері және қоғамдық кеңістіктерді жабдықтау. Отандық өндірушілердің өнімдерін пайдалану Қазақстан бойынша қамтуды арттыруға, жергілікті кәсіпорындардың жұмысын жандандыруға және өндірістік байланыстарды нығайтуға ықпал етеді. Бұл ретте барлық материал мен жабдық жобаның техникалық талаптарына, сапа мен қауіпсіздік стандарттарына, әсіресе таулы жердің күрделі жағдайларын ескере отырып, толық сай болуға тиіс.

— Қызмет көрсету компаниялары үшін қандай мүмкіндіктер ашылады?

— Заманауи тау курорты тұрақты техникалық сүйемелдеуді қажет етеді. Бұл — инженерлік жүйелерге қызмет көрсету, жабдықтарды жөндеу, көлік логистикасы және нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Цифрлық шешімдер де келешегі зор бағытқа айналып келеді: электрон билеттер, бақылау-өту жүйелері, жабдықтарды мониториңтеу, туристік ағынды басқару және келушілерге ақпарат беру жүйелері.

— Неліктен бұл жоба үшін жергілікті жеткізушілердің қатысуы өте маңызды?

— Өндіріс орындары мен қызмет көрсету ұйымдарының жақын орналасуы логистиканы оңтайландыруға, жеткізу мерзімін қысқартуға және пайдалану барысында туындайтын қажеттіліктерге жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Маусымдық жүктемелерді, ауа райы жағдайларын және инфрақұрылымның үздіксіз жұмыс істеу талаптарын ескерсек, бұл тау нысандары үшін аса маңызды. Ынтымақтастықтың басты критерийлері — кәсіби құзыреттілік, жеткізілім сенімділігі, өнім сапасы және бекітілген талаптарға сәйкестік болып қала береді.

— Кластерді дамыту ұзақ мерзімді кезеңде шағын және орта бизнеске қалай әсер етеді?

— Экономикалық белсенділік нысандардың құрылысы аяқталған соң тоқтап қалмайтынын түсіну маңызды. Курорттар жыл бойы жұмыс істейді, демек техникалық қызмет көрсетуге, тауарлар жеткізуге және қызметтерді ұйымдастыруға деген қажеттілік үнемі сақталады. Бұдан бөлек, күрделі инфрақұрылым жобаларына қатысу тәжірибесі компаниялардың бәсекеге қабілеттілігін арттырып, олардың басқа да нарықтарға шығуына жол ашады.

— Бұл жоба Алматы қаласы үшін экономикалық жағынан каншалық тиімді?

— Тау туризмін дамыту қала экономикасы үшін мультипликатив әсер береді. Әрбір туристік нысанның артында тізбекті түрде орналасқан кәсіпорындар тұр — құрылыс материалдарын өндірушіден бастап көлік компаниясына, азық-түлік жеткізушіге және жабдықтарға қызмет көрсететін ұйымдарға дейін. Болжамды бағалаулар бойынша, бұл жобаны жүзеге асыру қала экономикасына жылына 1 триллион теңгеден астам кіріс әкеліп, 15 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құруға ықпал етеді. Сондықтан Алматы тау кластері — бұл тек туристік инфрақұрылымға салынған инвестиция емес, отандық өндіріс пен қызмет көрсету саласын нығайтуға зор мүмкіндік.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?