12 қазанда Қазақстанның бірқатар қаласында күн жылы болады. Оңтүстік және батыс өңірлерде ауа температурасы +20…+27 градусқа дейін көтерілсе, солтүстік пен шығыста +12…+17 градус шамасында болады. Кей қалаларда жаңбыр жауып, екпінді жел соғуы мүмкін. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Алматыда күндіз ауа температурасы +20…+22 градусқа дейін жетеді. Жаңбыр жаууы ықтимал, жел жылдамдығы 3–8 м/с, екпіні 13 м/с-қа дейін барады. Шымкентте күндіз +18…+20 градус жылы болады, найзағай ойнап, жел екпіні 15–20 м/с-қа жетуі мүмкін. Түркістанда ауа температурасы +19…+21 градус шамасында болып, найзағай мен қатты жел күтіледі.
Батыс өңірлерде күн жылырақ болады. Атырауда күндіз +25…+27 градусқа дейін жылынса, Ақтауда +23…+25, Ақтөбеде +20…+22 градус болады. Оралда ауа температурасы +21…+23 градусқа жетеді. Бұл қалаларда негізінен күн ашық немесе ала бұлтты болады.
Қызылордада күндіз +24…+26 градус ыстық болады. Қонаевта +21…+23, Талдықорғанда +21…+23 градус күтіледі.
Астанада ауа температурасы +15…+17 градус шамасында болады. Қарағандыда +13…+15, Көкшетауда +13…+15, Қостанайда +15…+17 градусқа дейін көтеріледі. Жезқазғанда күндіз +19…+21 градус жылы болады.
Шығыс және солтүстік өңірлерде ауа райы салқындау болады. Өскеменде күндіз +15…+17 градус, Семейде +14…+16, Павлодарда +13…+15, Петропавлда +12…+14 градус күтіледі.