Түркияда 2026 жылғы 1 қарашадан бастап 15 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерді пайдалануына тыйым салынбақ. Тиісті ереже 10 қазанда елдің ресми Resmî Gazete басылымында жарияланды.
Жаңа талапқа сәйкес, әлеуметтік желі платформалары қолданушылардың жасын тіркелу кезінде мемлекеттік e-Devlet порталы арқылы тексеруге міндеттеледі. 15 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желілерде жеке аккаунт ашуға рұқсат берілмейді.
Ал 15 жастан асқан жасөспірімдер үшін бірқатар шектеу енгізіледі. Атап айтқанда, олардың аккаунттары жабық болуы тиіс. Жеке хабарламаларды тек өздеріне жазылған қолданушылардан ғана қабылдай алады.
Сонымен қатар жасөспірімдерге тікелей эфир жүргізуге, жекелендірілген жарнама мен басқа аккаунттарды ұсынатын алгоритмдік ұсынымдарды пайдалануға, сондай-ақ телефон кітапшасындағы және өзге сервистердегі байланыстарды әлеуметтік желімен синхрондауға тыйым салынады.
Жаңа ережелер ата-аналардың бақылау мүмкіндігін де кеңейтеді. Әлеуметтік платформалар ата-аналар мен қамқоршыларға балалардың аккаунт баптауларын басқаруға, әлеуметтік желіде өткізетін уақытына шектеу қоюға және ақылы операцияларды растауға арналған арнайы құралдар ұсынуға міндетті болады.
Осылайша, Түркия билігі балалар мен жасөспірімдердің әлеуметтік желідегі белсенділігіне жас ерекшелігіне қарай шектеулер енгізуді көздеп отыр.