Дубайдан Тель-Авивке бағыт алған Flydubai әуе компаниясының ұшқышы ұшақты Бен-Гурион атындағы әуежайдың жолаушы терминалына соғуды жоспарлаған. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Біріккен Араб Әмірліктерінің бас прокуроры Хамад Саиф әл-Шамсидің айтуынша, Оманның 29 жастағы азаматы 2001 жылғы 11 қыркүйекте АҚШ-та болған лаңкестік шабуылдың сценарийін қайталауды көздеген. Тергеу барысында күдікті шабуылды жалғыз өзі жоспарлағанын және мүмкіндігінше көп адамның өмірін қиюды мақсат еткенін мойындады.
Тергеу деректері бойынша, күдікті шабуылға дайындалу үшін Тель-Авивке екі рет ұшып барған. Ол осы сапарлар кезінде әуе бағыты мен әуежайдың құрылымын зерттеген.
Хамад Саиф әл-Шамсидің айтуынша, ұшқыш Flydubai компаниясына жұмысқа орналасар алдында қауіпсіздік тексерісінің барлық кезеңінен өткен. Ол ұшқыш лицензиясын және сотталмағанын растайтын құжатты да ұсынған.
Тексерістің ешқайсы оның бойынан экстремизм көзқарасын немесе лаңкестік әрекет жасау ниетін анықтаған жоқ, – дейді БАӘ бас прокуроры.
Естеріңізге салайық, 30 қыркүйекте Flydubai ұшағынан әуе кемесін басып алу қаупіне қатысты төтенше сигнал түскен. Дубайдан Тель-Авивке бағыт алған, бортында 150 жолаушысы бар ұшақ кейін Сауд Арабиясына шұғыл қонған.
Кейінірек әуе кемесінің бортында екі ұшқыш арасында жанжал туындағаны белгілі болды. Олардың бірі екіншісіне пышақпен шабуыл жасауға әрекеттенген. Оқиғаға жолаушылар араласып, екінші ұшқышты аман алып қалған.
Кейін жараланған ұшқыш, Үндістан азаматы жағдайдың қалай болғанын баяндап берді.