Басты бет / Жаңалықтар /
Қызылорда Стадион
Фото: gov.kz

Қызылордада Қала күніне орай мерекелік гала-концерт өтті

Қызылордада Қала күні кең көлемде аталып өтті. Мерекеге орай сол жағалауда орналасқан «Қайсар Арена» стадионында «Мерейлі мерекеңмен, Қызылорда!» атты гала-концерт ұйымдастырылды. Салтанатты кеште елімізге танымал өнер жұлдыздары ән шырқап, мерекелік шара отшашумен аяқталды.

Мерекелік бағдарлама Қызылорданың екі ғасырлық тарихын, қалыптасу кезеңдерін және бүгінгі даму келбетін бейнелейтін театрландырылған қойылыммен басталды. Қала тұрғындары мен қонақтарына өңірдің өткені мен бүгіні сабақтастырылған әсерлі көріністер ұсынылды.

Салтанатты шарада облыс әкімі Мұрат Ергешбаев жиналған қауымды Қала күнімен құттықтап, Қызылорданың тарихи маңызы мен кейінгі жылдары қол жеткізген жетістіктеріне тоқталды.

Өңір басшысы Қызылорданың бір ғасыр бұрын Қазақ елінің астанасы болғанын, ұлт тарихындағы маңызды шешімдер осы өңірде қабылданғанын атап өтті. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қызылорданы ежелгі Шірік Рабат, Жанкент және Сығанақ қалаларының тарихи жалғасы ретінде бағалаған сөзін еске салды.

Мұрат Ергешбаевтың айтуынша, бүгінде қалада әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту, жаңа нысандар салу және инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Облыс әкімі Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевтың да қала тұрғындарына мерекелік құттықтауын жеткізді.

«Қаламыздың бүгінгі жаңаруы мен көркеюі – тарихи сабақтастықтың жалғасы. Кейінгі жылдары әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым жаңғыртылып, заманауи нысандар ел игілігіне берілуде. Өңір экономикасының қуатын арттыратын ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Сүйікті қаламыз көркейе берсін! Қызылордамыздың болашағы жарқын, келешегі кемел болсын!» – деді өңір басшысы.

Мұрат Ергешбаев
Фото: gov.kz

Мерекелік концертте белгілі әншілер Индира Елубаева, Қазыбек Құрайыш, Үкітай Ерниязов, Балжан Бидаш, ALEM және «KESH YOU» тобы өнер көрсетті. Танымал орындаушылардың әндері көрермендерге ерекше көңіл күй сыйлады. Кеш соңында қала аспанын мерекелік отшашу жарқыратып, салтанатты шараның сәнін келтірді.

Қызылордада жаңа әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда

Қала күніне арналған мерекелік шаралар Қызылордадағы ауқымды өзгерістермен тұспа-тұс келді. Кейінгі жылдары облыс орталығында тұрғын үй құрылысы қарқын алып, әлеуметтік нысандар мен демалыс орындары көбейіп келеді.

Атап айтқанда, биыл қалада Инклюзивті спорт орталығы, «Достық үйі», «Құзыреттілік орталығы», сондай-ақ «Ай-Керім» оқу-сауықтыру орталығы мен Ботаникалық бақ пайдалануға берілді.

Сонымен қатар, Президенттік кітапхана, жаңа драма театр және бірнеше ірі медициналық мекеменің құрылысы жүргізіліп жатыр. «Таза Қазақстан» бастамасы аясында ашылған Президент саябағы қала тұрғындары мен қонақтарының демалатын орындарының біріне айналды.

Қаланың көлік инфрақұрылымын дамытуға да басымдық берілген. Қазіргі уақытта сол жағалаумен байланысты қамтамасыз ететін жаңа автожол көпірі мен ерекше сәулеттік үлгідегі жаяу жүргіншілер көпірі салынып жатыр.

Президент саябағының маңында заманауи аквапарк құрылысы басталған. Бұдан бөлек, жыл соңына дейін «Қызылорда Арена» спорт кешенін пайдалануға беру жоспарланған.

Өңір билігінің мәліметінше, бұл жобалар Қызылорданың инфрақұрылымын жетілдіруге, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға және қаланың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін нығайтуға бағытталған.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?