Басты бет / Жаңалықтар /
7b9ce69d10a7c0707efd395f38a3b145 Каспийдегі қайғылы оқиғадан қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасына берілетін көмек сомасы жарияланбайды
Фото: Қорғаныс министрлігі

Каспийдегі қайғылы оқиғадан қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасына берілетін көмек сомасы жарияланбайды

Маңғыстау облысында әскери жаттығу кезінде қаза тапқан және зардап шеккен әскери қызметшілердің отбасына берілген көмек сомасы жарияланбайды. Сонымен қатар көмек алушылардың жеке дерегі құпия сақталады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Қазақстан Халық кеңесінің мүшесі Бекмұрат Жүсіповтің мәлімдеуінше, мұндай шешім әскери қызметшілердің туған-туысының өтініші бойынша және олардың қауіпсіздігі мен жеке мәліметтерін сақтау мақсатында қабылданған.

Нақты төлем сомасы мен қаражат алушылардың жеке дерегі жарияланбайды. Қаза болғандар мен зардап шеккен әскери қызметшілердің жақындарының бұл шешіміне түсіністікпен қарауларыңызды сұраймыз, – дейді ол.

Оның мәліметінше, комиссия жұмысын аяқтаған. Қорға түскен барлық қаражат белгіленген тәртіппен бөлініп, тиіс шешімдер құжат жүзінде рәсімделген.

Облыстың қоғамдық кеңес төрағасы жиналған қаражат қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасылары арасында әділ әрі тең бөлінгенін атап өтті. Сонымен қатар қаражаттың қорға түсуінен бастап, оны алушыларға аударуға дейінгі барлық кезеңде қатаң бақылау жүретінін мәлімдеді.

Бекмұрат Жүсіпов сенім артып, түсіністік танытқан жандарға алғыс білдіріп, комиссия жұмысының аяқталғанын хабарлады.

Естеріңізге салайық, 24 қыркүйекте Каспий теңізінде әскери оқу-жаттығу өткізу кезінде ауа райы күрт бұзылып, қатты жел соққан. Салдарынан 17 әскери қызметші теңізге құлаған. Олардың 14-і қаза тауып, үшеуі аман қалды.

Қазір аман қалған үш әскери қызметші де қызметін аяқтап, туған жеріне оралды.

Қайғылы оқиғадан кейін қорғаныс министрі Дәурен Қосанов қызметінен босатылды. Оның орнына Айдос Мырзахметов тағайындалды.

5 қазанда мемлекет басшысы жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайыловты қабылдап, қорғаныс министрлігінің қызметіне қатысты тексерісті күшейтуді тапсырды.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?