Алматыда алғаш рет блогерлер мен медиа өкілдері қатысқан «QASQYR CUP» аударыспақ турнирі өтті. Жарысқа ат үстінде күресіп көрмеген 20 қатысушы жиналып, ұлттық спорттан күш сынасты. Турнир барысында жеңімпаздарға ақшалай сыйақы беріліп, бір отбасыға үй сыйланды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Жарысқа 20 адам қатысып, қарсыластарымен күресіп қана қоймай, түрлі образда өнер көрсетіп, көрерменге қызық шоу ұсынды. Турнирге блогерлер, айтыскерлер мен MMA спортшылары қатысты. Қарсыласын жеңген әр қатысушыға 500 мың теңге көлемінде сыйақы берілді.

Аударыспақта алғаш рет қыздар да бақ сынады. «Бопай» лақап атымен танылған Зәмзәгүл Файзолланова мен «Томирис» есімімен белгілі Гүлмарал Еркебаева атқа мініп, ұлттық спорттың ережесіне сай белдесті. Айқастың аяқталуына санаулы секунд қалғанда Гүлмарал қарсыласын аттан құлатып, жеңіске жетті. Бұған дейін қазақ күресі мен еркін күресте кездескен екі спортшының есебі 1:1 болып, аударыспақтағы тартыс шешуші белдесуге айналды.
Аударыспақтағы шешуші айқаста жеңіске жетіп, трилогиямызды аяқтадық. Атқа мінгенмен, оның үстінде күресу үшін ерекше рух қажет екен. Бір мезетте атты да басқарып, қарсыласыңмен де арпалысуың керек. Кеше ғана жаттығып, бүгін жарысқа шықтық. Басында қорқыныш болды. Өйткені ат үстінде күресу көп қазақ жігітінің де қолынан келе бермейді. Қыздардың атқа қонып, сайысқа түсуі әрбір қазақ жігітіне сын болары анық. Күш білекте емес, жүректе. Біз қазақ қыздарының рухы мен мінезін көрсеттік, – дейді Гүлмарал Еркебаева.

Турнирде Нигериядан келген Мұхаммед те көпшіліктің назарын аударды. Ол жарысқа қатысушылардың бірін алмастырып, қысқа уақыт ішінде аударыспақтың негізгі ережелерін меңгерген. Бұған дейін атқа мініп көрмеген шетелден келген қатысушы жарыс алдында бір рет қана дайындалып, қарсыласын 11 секунд ішінде аттан құлатты.
Жеңіске жететініме ешкім сенбеді, өйткені қарсыласым менен ауыр болды. Бірақ өзіме сендім. Жарыстарға қатысып жүргендіктен, алдымен өзіңді жеңу керек екенін білемін. Сонымен қатар футбол ойнаймын, бала кезімде бокспен де айналыстым. Сондықтан қарсыласымды жеңу үшін бар күшімді салдым. Аударыспақ маған ұнады, алдағы уақытта тағы да қатысқым келеді. Бүгінгі жеңісіме елде қалған анам мен бауырларым да қуанады. Қазақ тілін үйреніп жүрмін. Осындай мүмкіндік берген Қазақстанға алғысым шексіз, – дейді Мұхаммед.

Жарысқа қатысып, жеңіске жеткендердің бірі – ASARUME қайырымдылық қорының басшысы Асхат Нұрмашев. Ол турнир барысында Талғарда тұратын жалғызбасты анаға үй сыйлады.
Бүгін біз қайсар мінезімізді көрсетіп қана қоймай, жақсылық жасауға да мүмкіндік алдық. Талғардағы жалғызбасты анаға үй сыйладық. Оның ұлы бәйгеге қатысып, қазақтың ұлттық ойындарын бойына сіңіріп өсіп келеді. Бұл қуанышқа 20 мың адам үлес қосты. Аударыспақта жан-жақты болу маңызды екен. Тепе-теңдікті сақтау да, қарсыласпен күресу де оңай емес. Алматыда ғана емес, туған жерім Ақтөбеде де чемпион атанып жүрген аударыспақшылардан сабақ алдым. Мұндай турнир жалғасуы керек деп ойлаймын. Келер жылы басқа қатысушылар да бақ сынайды деген үміттемін. Ұлттық болмысымыздың бір бөлігі саналатын генетикалық кодымызды кеңінен дәріптеуіміз қажет, – деді Асхат Нұрмашев.

Аударыспақ – екі салт аттының бірін-бірі аттан құлатуға тырысатын ұлттық күрес түрі. Белдесу кезінде спортшылар қарсыласын белінен ұстап, тартып немесе басып, жерге түсіруге күш салады. Бұл спорт түрі Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бағдарламасына енген.
Бір ай бұрын Қырғызстанда өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Қазақстан құрамасы аударыспақтан алты салмақ дәрежесінде сынға түсіп, төрт алтын, бір күміс және бір қола медаль жеңіп алды. Ал 5-8 қазан аралығында Оралда ересектер арасында аударыспақтан Қазақстан чемпионаты өтіп, елдің үздік балуандары анықталады.