Басты бет / Жаңалықтар /
көлік нөмірі
©kolesa.kz

Түркістан облысында көлік нөмірін әдейі жасырған жүргізуші 5 тәулікке қамалды

Түркістан облысында Toyota көлігінің мемлекеттік нөмірін әдейі шүберекпен жауып қойған жүргізуші әкімшілік жауапқа тартылды. Сот шешімімен оған бес тәулікке әкімшілік қамаққа алу жазасы тағайындалып, бір жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Заңсыздық Шымкент – Самара тасжолында анықталған. Оперативті басқару орталығының қызметкерлері Сарыағаштан Түркістан бағытына қарай қозғалған көлікті байқаған. Рөлде Шымкент қаласының 25 жастағы тұрғыны болған.

Жиналған материалдар сотқа жолданып, жүргізушінің кінәсі анықталды. Сонымен қатар жыл басынан бері оның жол ережесін алты рет бұзғаны белгілі болды.

Бұған дейін мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек жалған мемлекеттік нөмірлерді пайдаланғаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізуді ұсынған еді.

Депутаттың айтуынша, мұндай нөмірлерді пайдалану кең таралған мәселеге айналған. Жол-көлік оқиғаларын тергеу кезінде кейбір жүргізушілердің жалған нөмір таққаны анықталады.

«ҚазАвтоЖол» мәліметінше, жыл басынан бері Қазақстанның ақылы жолдарында жалған, жасырылған, өзгертілген немесе оқылмайтын мемлекеттік тіркеу нөмірлерін пайдаланудың 1 942 дерегі тіркелген.

Мамандар мұндай көліктер туралы ақпарат тиіс шаралар қабылдау үшін бірден полиция қызметкерлеріне жіберілетінін атап өтті.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?