Аягөз – Таскескен автожолында көліктерді бақылау күшейді. Әсіресе, белгіленген салмақ нормасынан асатын ауыр жүк көліктеріне назар аударылып жатыр. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
«ҚазАвтоЖол» мәліметінше, тасжолдың кейбір бөлігінен ақаулар анықталған. Жол жабынының бұзылуына әсер еткен факторлардың бірі ретінде рұқсат етілген салмақ мөлшерінен асатын жүк көліктерінің қозғалысы қарастырылып отыр.
Осыған байланысты 1 қазаннан бастап осы бағыттағы көліктердің салмағы мен габаритін бақылау күшейді. Көлік бақылау инспекциясының төрт экипажы жүк тасымалдаушылардың белгіленген талаптарды сақтауын тексеріп жатыр.
Компанияның хабарлауынша, қайта жөнделген жол учаскелеріне екі жылдық кепілдік мерзімі белгіленген. Осы кезеңде анықталған ақауларды мердігер ұйым өз қаражаты есебінен жоюға міндетті.
«ҚазАвтоЖол» жүк тасымалдаушыларды көліктердің салмағы мен габаритіне қатысты талаптарды қатаң сақтауға шақырды. Компанияның мәліметінше, жол жабынының мерзімінен бұрын тозуын болдырмау және қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатындағы бақылау шаралары жалғасады.