Түркістан облысында қызметтен тыс уақытта полиция қызметкері алаяқтықтың алдын алып, әйел адамды 5 миллион теңгені бөтен адамға аударудан сақтап қалды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Шерхан Қалтұрсын банк терминалы арқылы күмәнді қаржы операциясын жасап жатқан әйелді байқап, жағдайға дереу араласқан.
Алдын ала мәлімет бойынша, белгісіз адамдар әйелге телефон соғып, туыстарына пошта арқылы сыйлық жіберілгенін айтқан. Кейін олар әйелден телефонына келген кодты хабарлауды сұраған.
Әйелдің сеніміне кірген алаяқтар оның атына 5 миллион теңге несие рәсімдеп, ақшаны өздері көрсеткен шоттарға аударуға көндірмек болған. Олардың сөзіне сенген әйел банкке барып, ақшаны аударуға әрекеттенген.
Алайда полиция қызметкері алаяқтық схемасын дер кезінде байқап, әйелге алданып қалғанын түсіндірген. Соның арқасында ақша аударымы тоқтап, 5 миллион теңге алаяқтардың қолына түспеді.