Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД елдеріне ортақ «Алтын кітапхана қорын» құруды ұсынды. Оның пікірінше, бұл бастама жастардың өзге халықтардың тарихы мен мәдениетін тереңірек тануына мүмкіндік береді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев елдер арасындағы ынтымақтастықты дамытудың бірнеше бағытын атады. Оның ішінде жасанды интеллект, мәдени байланыс, әдебиет пен жастардың кітап оқуға әуестігін арттыру мәселесі бар.
Жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық
Президент цифрландыру мен жасанды интеллектіні игерудің маңызы артып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, жаңа технологияны меңгеру және отандық жобаларды енгізу ТМД елдері экономикасының бәсекеге бейім болуына әсер етеді.
Осыған байланысты Тоқаев жасанды интеллект стратегиялары, заңнама және мемлекеттік қолдау шарасы бойынша тәжірибе алмасуды ұсынды. Бұл жұмысқа ғылыми орталықтар, университеттер, компаниялар мен стартаптар қатысуы мүмкін.
Сонымен қатар ол 2027 жылдың бірінші тоқсанында Астанада ТМД аясында жасанды интеллект мамандарының арнайы форумын өткізуді ұсынды.
ТМД елдеріне ортақ кітапхана қоры құрылуы мүмкін
Қасым-Жомарт Тоқаев жастардың кітап оқуға деген әуестігін арттыруды маңызды міндеттің бірі деп атады. Оның сөзінше, оқу-білім адамның ойлау қабілеті мен үйлесімді дамуының негізі.
Президент Қазақстанда Ұлттық кітап күні белгіленіп, «Ұлт оқитын 100 кітап» жобасы жүзеге асырылып жатқанын еске салды. Осы тәжірибені ТМД деңгейінде жалғастырып, достастық елдері әдебиетінің үздік үлгілерін біріктіретін «Алтын кітапхана қорын» құруды ұсынды.
Ұсыныс бойынша, қорды Астанада құрылысы келер жылдың ортасында аяқталады деп жоспарланған Президенттік кітапханаға орналастыруға болады. Жоба аясында әдеби шығармаларды кәсіби аударып, көпшілікке қолжетімді цифрлық кітапхана қалыптастыру көзделіп отыр.
Тоқаевтың пікірінше, ТМД халықтарының тарихын, мәдениетін және рухани мұрасын әдебиет арқылы таныту жастардың бір-бірін жақсырақ түсінуіне ықпал етеді.
Орыс тілі және мәдени бірлестік
Қасым-Жомарт Тоқаев орыс тілінің ТМД елдері арасындағы білім беру, ғылым және адамдар арасындағы байланысты кеңейтудегі рөлін атап өтті. Ол Халықаралық орыс тілі ұйымының қызметін қолдауға шақырды.
Сонымен бірге президент достастық мемлекеттеріндегі тілдік және мәдени әртүрлілікті сақтаудың маңызын еске салды. Оның айтуынша, барлық халықтың тарихына, дәстүрі мен мәдениетіне құрметпен қарап, гуманитарлық саладағы ынтымақтастықтың тиімді жолдарын іздеу қажет.
Ол интернеттің ықпалы күшейген кезеңде жастардың ақпаратты қабылдау ерекшеліктеріне назар аударып, «TikTok-менталитеті» деген ұғымды қолданды.
Сөз соңында Тоқаев ТМД елдерінің әдеби мұрасын ортақ қорда жинақтау халықтардың жақындасуына көмектесетінін айтып, тұрақсыз әлем жағдайында бірлікті сақтаудың маңызын атап өтті.