Нобель комитеті 2026 жылғы Нобель бейбітшілік сыйлығын Оңтүстік Африка Республикасынан шыққан құқық қорғаушы Нави Пиллэйге табыстады. Ол апартеидке қарсы күресіп, кейін БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары қызметін атқарған. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Марапат құқық қорғаушыға «бейбітшілік пен халықаралық құқықты нығайтуға қосқан күш-жігері үшін» берілген.
Нави Пиллэй 1967 жылы Оңтүстік Африкада адвокат болып қызметін бастаған. Ол апартеид жүйесіне қарсы шыққандардың құқығын қорғаған.
- Апартеид — адамдарды нәсілі мен терісінің түсіне қарай бөліп, олардың құқығын шектеген нәсілдік кемсіту жүйесі.
Сонымен қатар Пиллэй әйелдер мен қыздардың құқығын қорғайтын халықаралық Equality Now ұйымының негізін қалаушылардың бірі болды.
1995 жылы ол Руанда бойынша халықаралық қылмыстық трибуналдың судьясы болып тағайындалып, 1999 жылы осы органды басқарды. Пиллэй қатысқан сот процесінде зорлау адамзатқа қарсы қылмыс әрі геноцид актісі деп танылды. Бұл шешім халықаралық сот тәжірибесіндегі маңызды прецеденттің біріне айналды.
2003–2008 жылы Нави Пиллэй Гаагадағы Халықаралық қылмыстық соттың судьясы болды. Ал 2008–2014 жылдары БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары қызметін атқарды.
Нобель сыйлығының ақшалай мөлшері — 12 миллион швед кроны. Бұл шамамен 537,6 миллион теңге.
Естеріңізге салайық, 6 қазанда физика бойынша Нобель сыйлығын Фрәнсис Хәлзен алды. Оның жоғары энергиялы ғарыштық нейтриноларды зерттеуге қосқан үлесі ескерілді. Ғалым Оңтүстік полюстегі мұзды нейтриноларды анықтау үшін пайдалануды ұсынған. Оның идеясы мен ғылыми жетекшілігі IceCube зерттеу обсерваториясын құруда маңызды рөл атқарған.
7 қазанда химия бойынша Нобель сыйлығы молекулалардың айнадағы бейнесіндей болатын түрлерін зерттеген француз ғалымы Анри Каган мен жапон зерттеушісі Кенсо Соаиге берілді. Олардың зерттеуі дәрі-дәрмек жасауға және тіршіліктің пайда болуына қатысты ғылыми сұрақтарды зерттеуге көмектеседі.
Ал 8 қазанда әдебиет бойынша Нобель сыйлығы Канада жазушысы әрі ақыны Энн Карсонға табысталған. Ол қазіргі әдебиетте жаңа формалар қалыптастырған батыл әрі жаңашыл шығармашылығы үшін марапатталды.