2027 жылдан бастап азаматтар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (ОСМС) жүйесіндегі мәртебесіне қарамастан, емханаға алғаш жүгінген кезде бірқатар медицина қызметін тегін ала алады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Денсаулық сақтау министрлігі азаматтардың тегін ем алуын жеңілдетуге бағытталған бұйрық жобасын әзірледі. Құжат бойынша, жаңа ереже 2027 жылдың қаңтарынан бастап енуі мүмкін.
Жоба аясында емханаға алғаш рет жүгінген азаматтарға мынадай медицина қызметтері қолжетімді болады:
- жалпы қан және зәр талдауы;
- артерия қысымын және денсаулықтың негізгі көрсеткіштерін өлшеу;
- электрокардиография (ЭКГ);
- пульсоксиметрия;
- флюорография;
- кей функционалды зерттеулер;
- іш құрылысы мен бүйрекке ультрадыбыстық зерттеу (УДЗ) жасау.
Бұдан бөлек, бұйрық жобасында азаматтарға автоматты түрде қоңырау шалу мүмкіндігі қарастырылған. Бұл тәсіл пациенттерге қажет ақпаратты жедел жеткізуге және емханалардағы кей ұйымдастыру жұмысын автоматтандыруға мүмкіндік береді.
Қазір құжат жобасы қоғам талқысында. Талқы 2026 жылғы 23 қазанға дейін жалғасады.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі азаматтарға тегін медицина қызметін, соның ішінде жекеменшік емханаларда көрсетілетін кей қызметті алуға мүмкіндік береді.
Ескеретін жайт: бұл өзгеріс әзірге бұйрық жобасында қарастырылып жатыр.