Қазақстанда А(H1N1)pdm09 маусымдық тұмауының алғашқы бес дерегі тіркелді. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне қарағанда, кейінгі аптада жедел респираторлық вирустық инфекциялармен (ЖРВИ) сырқаттанатындар саны 10% төмендеді. Тұмауға қарсы вакцинациялау науқаны басталғалы бері 240 мыңнан астам адам екпе алған. Мұны Baribar.kz хабарлап отыр.
Астанада маусымдық тұмауды үш адам, Маңғыстау облысында екі адам жұқтырғаны анықталды. Зертхана жағдайында бәрі 834 сынама зерттеліп, оның бесеуінен тұмау вирусы табылды.
Кейінгі апта ішінде елде 127 266 ЖРВИ дерегі тіркелді. Алдыңғы аптада бұл көрсеткіш 140 273 болған. Қыркүйек айының басынан бері ЖРВИ-дің 760 182 дерегі анықталды, — делінген хабарламада.
Зертханалық мониториң басқа да респираторлық вирустар таралғанын растаған. Риновирустық инфекцияның 68, маусымдық коронавирустық инфекциялардың 47, бокавирустық инфекцияның 50, парагриптің 32, аденовирустық инфекцияның 27, респираторлық-синцитиалды инфекцияның екі және метапневмовирустық инфекцияның бір дерегі анықталды.
Халықты тұмауға қарсы тегін вакцинациялау үшін «Гриппол®️ Плюс» вакцинасының 2,1 млн дозасы сатып алынды. Оның құрамы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2026–2027 жылдардағы эпидемиялық маусымға арналған ұсынымдарына сай келеді. Вакцина еліміздің барлық өңіріне жеткізілді, — делінген министрлік ақпаратында.
8 қазандағы жағдай бойынша, тұмауға қарсы екпені 240 375 адам салдырған.
***
Тағы оқыңыз:
Қазақстанда тұмауға қарсы вакцинация басталды. Кімдерге тегін салады?