2032 жылы Олимпиада және Паралимпиада ойындары Брисбенде (Аустралия) өтеді. Қазақстанның Ұлттық олимпиада комитеті ойындардың ресми эмблемасы таныстырылғанын хабарлады. Мұны Baribar.kz хабарлап отыр.
Эмблемалардың бас бейнесі — Аустралияда мекендейтін какадудың екі түрі. Олимпиада ойындарының символы ретінде қызғылт какаду, ал Паралимпиада ойындарының символы ретінде сары айдарлы какаду таңдалған.
Құстардың айдарынан Квинсленд штатының сұлбасы көрінеді, ал Олимпиада және Паралимпиада алауы бірлік, үміт пен шабытты білдіреді. Үш және екі қауырсынның орналасқаны Аустралия жазғы Олимпиада ойындарын тарихта үшінші рет қабылдайтынын меңзейді.

Екі эмблемада да арнайы әзірленген қаріппен жазылған Brisbane 2032 деген жазу бар. Олимпиада эмблемасында бес сақина, ал Паралимпиада эмблемасында агитос белгісі бейнеленген.
Брисбендегі жазғы Олимпиада ойындары 2032 жылы 23 шілде мен 8 тамыз аралығында, ал Паралимпиада ойындары 24 тамыз бен 5 қыркүйек аралығында өтеді.