Басты бет / Жаңалықтар /
Баспана, жұмыс, отбасы құқығы
Фото: gov.kz

Министрлік: «2035 жылға дейін Қазақстан экономикасына 2,9 млн жаңа қызметкер қажет болады»

Қазақстанда жасанды интеллектінің дамуына байланысты еңбек нарығы өзгеріп жатыр. 2035 жылға дейін ел экономикасына 2,9 млн жаңа қызметкер қажет болады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Мамандықтар мен жұмысқа қойылатын талаптар өзгереді

ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, жасанды интеллект мамандықтардың мазмұнына, жұмыс процестеріне және жұмыс берушілердің мамандарға қоятын талаптарына әсер етіп отыр. Әсіресе, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект құралдарын меңгерген қызметкерлерге сұраныс артып келеді.

Жасанды интеллект мәтінді өңдеу, теру, деректерді енгізу және мәтінді тексеру сияқты қайталанатын жұмыстарды автоматтандыруға мүмкіндік береді. Бұл ретте бірқатар мамандық бойынша жұмыс орындарының жойылуынан гөрі, еңбек мазмұны мен қажет дағдылардың өзгеруі маңызды болып отыр.

Қазір жасанды интеллект бухгалтер, инженер, дәрігер, мұғалім және сату саласының мамандары үшін жұмыс құралы ретінде қолданылады. Жаңа бағыттар пайда болып, қызметкер білігіне қойылатын талаптар да өзгеріп келеді.

Осы өзгерістерге бейімделу үшін 2026 жылдың соңына дейін кәсіби стандарттармен 600-ден астам жұмысшы мамандығын қамту жоспарланған. Оларға жасанды интеллект құралдарын пайдалану, деректермен және BI-талдаумен жұмыс істеу, киберқауіпсіздік негіздері бойынша цифрлық құзыреттерге қатысты талаптар енгізіледі.

Бұл стандарттар колледждер мен жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларына, қайта даярлау курстарына негіз болады.

Жасанды интеллект жұмыс іздеуге қалай көмектеседі?

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жасанды интеллект негізінде Цифрлық жұмыспен қамту қызметін құрып жатыр. Жүйе азаматтың білімі, еңбек өтілі мен дағдыларын ескере отырып, оның цифрлық бейінін қалыптастырады.

Осы мәліметтер негізінде азаматқа тұрғылықты жеріне сәйкес бос жұмыс орындары ұсынылады. Жүйе түйіндеме жасауға көмектесіп, қажет дағдылар жеткіліксіз болған жағдайда Skills Enbek платформасындағы оқуды ұсына алады.

Жұмысқа орналасу, оқу және мемлекеттік қолдау шаралары туралы ұсыныстар азаматтарға алдын ала, соның ішінде eGov Mobile қосымшасындағы push-хабарламалар арқылы жіберіледі. Жүйе адамның жұмысынан айырылу қаупін анықтап, оған сәйкес жеке қолдау шараларын ұсына алады.

Жоба әзірге Павлодар облысында іске қосылды. 2026 жылдың соңына дейін оны еліміздің барлық өңіріне енгізу жоспарланып отыр.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?