Басты бет / Жаңалықтар /
Өтемақы, жәрдемақы, ақша, теңге, жалақы
Фото: Gov.kz

Ақтауда биіктен құлаған электромонтер 7 миллион теңге өтемақы алды

Ақтауда электромонтер биіктен құлап, ауыр жарақат алғаннан кейін жұмыс берушісінен моральдық шығын мен жалақысы үшін өтемақы талап етіп, сотқа жүгінді. Сот оған 7 млн теңге өндіріп берді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Ақтау қаласының №2 сотында жұмысшының акционерлік қоғамға қарсы берген талап арызы қаралған.

Соттың анықтауынша, арыз беруші 2021 жылғы 13 мамырдағы еңбек шарты негізінде акционерлік қоғамда 6-разрядты электромонтер болып жұмыс істеген.

2021 жылғы 17 маусымда жұмыс кезінде ол биіктен құлап, ауыр дене жарақатын алған.

Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті жүргізген арнайы тергеу нәтижесінде оқиға өндірістегі жазатайым жағдай ретінде танылған. Сонымен қатар жұмыс берушінің кінәсі 100%, ал жұмысшының кінәсі 0%  деп белгіленген.

Сот отырысы барысында азамат моральдық шығынды өтеу үшін 10 миллион теңге және еңбекке қабілетін жоғалтуына байланысты жоғалтқан табысы үшін 1 979 001 теңге өндіріп беруді сұраған.

Сот талаптың бір бөлігін қанағаттандыру туралы шешім шығарды.

Арыз берушінің денсаулық жағдайы мен оған келтірілген моральдық шығынның сипатын ескере отырып, сот акционерлік қоғамнан оның пайдасына 7 миллион теңге өндіріп берді. Талап арыздың қалған бөлігі қанағаттандырылмады.

Сонымен қатар жауапкерден мемлекет кірісіне 2162 теңге көлемінде мемлекеттік баж өндірілді.

Сот шешімі әлі заңды күшіне енген жоқ.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?