Астанада балаларды халықаралық футбол турниріне апаруды ұйымдастырамын деп ақша алып, алдаған ер адамға сот үкімі шықты. Ол тоғыз адамнан 24 млн теңгеден астам ақша алған. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Астана прокуратурасының мәліметінше, жас футболшылардың ата-анасына балаларын «all inclusive» тарифы бойынша Испаниядағы турнирге апару уәде етілген. Осыған сенген азаматтар сотталған ер адамға 24 млн теңгеден аса ақша берген.
Іс бойынша тоғыз адам жәбірленуші деп танылды.
Прокуратураның мәліметінше, ер адам турнирге қатысу ақысы, әуе билеттері, виза рәсімдеу, балаларды алып жүру және спорт киімін сатып алу секілді түрлі шығынға ақша алған. Алайда кейін міндетін орындамаған және қаражатты өз қажетіне жұмсаған.
Сот үкімімен ер адам үш жыл екі айға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар шығынды өтеу міндеттелді.
Астана прокуратурасы балаларды шетелдегі спорт жарыстарына апаруды ұйымдастырған кезде сақ болуға шақырды. Ата-аналар ұйымдастырушылардың өкілеттігін, турнирге ресми шақырудың бар-жоғын, келісімшарттарды, әуе билеттерін және брондау растамасын тексеруі қажет.
Прокуратура ірі көлемдегі ақшаны тек ауызша уәдеге сеніп бермеуге кеңес берді.