Алматының Бостандық ауданында электр желісіндегі апатты жою жұмыстарына байланысты 8-15 қазан аралығында Центральная көшесінің бір бөлігінде көлік қозғалысына уақытша шектеу енгізіледі. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
«Алатау Жарық Компаниясы» АҚ мәліметінше, шектеу К. Салықов көшесінен Жәңгір хан көшесіне дейінгі аралыққа енгізіледі. Жөндеу жұмыстары Центральная көшесі, 36 мекенжайында, автомобиль жолының астында жүргізіледі.
Апаттық-қалпына келтіру жұмыстары №2363 кернеуі 220 кВ электр беру желісінің кабел бөлігінің зақымдануына байланысты қажет болып отыр.
Аталған желі №2353 және №2363 кернеуі 220 кВ кабельдік-әуе электр беру желілерімен бірге Алматыны айнала қоршап тұрған 220 кВ сақиналы электр желісінің құрамына кіреді. Желілердің бірінің зақымдануы электр қуаты ағындарының қайта бөлінуіне және энергия жүйесінің қалған элементтеріне түсетін жүктеменің артуына әкеледі.
Зақымданған кабель жолдың астында орналасқандықтан, мамандарға оған жету үшін жол жабыны мен бетон науаны ашуға тура келеді. Осыдан кейін кабельдің зақымданған жері анықталып, қажет жөндеу жұмыстары жүргізіледі және желіні қайта іске қоспас бұрын тиіс сынақтар жасалады.
Жөндеу жұмыстары тәулік бойы жүргізіледі. Компания жолдағы шектеулерді мүмкіндігінше қысқа мерзімде алып тастау үшін қажет шаралар қабылданып жатқанын хабарлады.
Жұмыстар аяқталғаннан кейін жол жабыны толық қалпына келтіріледі.
«Алатау Жарық Компаниясы» Алматы тұрғындары мен қонақтарын сапар бағытын жоспарлау кезінде уақытша шектеуді ескеруге шақырды.