Қазақстанда банктен қарыз бен микронесие алудан өз еркімен бас тартуға мүмкіндік беретін «Стоп-кредит» қызметі бар. Оны қосқан кезде қаржы ұйымы қарыз беруден бас тартуға міндетті. Алайда заңнамада бұл тыйым қолданылмайтын бірқатар жағдай қарастырылған. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
«Стоп-кредит» кезінде қандай қарыздарға рұқсат беріледі?
Банк қарыздары бойынша «Стоп-кредит» мына жағдайларда қолданылмайды:
- тұтынушылық қарыз сомасы тікелей сатушының банк шотына аударылса және қарыз алушы тауарды, жұмысты немесе қызметті алғанын растаса;
- қарыз сол банктегі басқа берешекті өтеу үшін берілсе, яғни ішкі қайта қаржыландыру жүргізілсе;
- төлем картасы бойынша 150 АЕК-тен, яғни 648 750 теңгеден аспайтын несие шегі белгіленсе және ол тауарлар мен қызметтердің ақысын төлеуге арналған болса;
- қарыз тек салықтарды, айыппұлдарды немесе атқарушылық іс жүргізу бойынша берешекті өтеу үшін мақсатты түрде аударылса.
Ал «Стоп-кредит» қосылған кезде микронесие беруге де кейбір жағдайларда рұқсат етіледі. Атап айтқанда, тауарлар мен қызметтер үшін төлемді тікелей сатушыға жасауға, сол микроқаржы ұйымындағы берешекті қайта қаржыландыруға, салықтар, айыппұлдар мен атқарушылық іс жүргізу бойынша берешекті өтеуге микронесие беруге болады.
Ломбардтар беретін микронесиеге «Стоп-кредит» қолданылмайды.
Несие алуға қойылған тыйым бұзылса, салдары қандай болады?
Банк немесе микроқаржы ұйымы «Стоп-кредит» талабын бұзып, қарыз немесе микронесие берсе, қаржы ұйымы заңда көзделген шараларды қабылдауға міндетті.
Оның ішінде несие берешегін есептен шығару, несие тарихын түзету және қарыз алушыдан өндіріп алынған соманы қайтару шаралары қарастырылған.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі «Стоп-кредит» механизмі банк немесе микроқаржы ұйымы қарыз берген кезде сақтауға тиіс басқа талаптардың күшін жоймайтынын атап өтті.