Басты бет / Жаңалықтар /
дзюдо, спорт, күрес
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Мықты спортшы болуға генетика қаншалық әсер етеді?

Әлемдегі үздік спортшылардың жетістігі тек тынымсыз жаттығу мен дұрыс техникаға байланысты емес. Осы орайда генетиканың спорттағы жетістікке қаншалық әсер ететінін Baribar.kz тілшісі анықтап көрді.

Генетика тесті спорттағы нәтижені болжай ала ма?

«Шеберлік жаттығу арқылы шыңдалады» деген түсінік бар. Дегенмен спорттағы жетістікке жаттығу ғана әсер ете ме? Адам спортқа бейім болып туа ма?

Кейінгі кезде спорт командалары, жаттықтырушылар мен спортшылар арасында ДНҚ-тестіні тапсыратындар саны артты. Бұл тақырып әлі де қызу талқыланып келеді. Ғылыми тұрғыдан алғанда, генетика туралы ақпарат адамның спортқа қабілетін болжай алуы мүмкін.

BBC басылымының зерттеуінше, әр адамның ДНҚ-сы бірегей әрі өмір бойы өзгермейді. Ол ағзаға әртүрлі әсер етеді. Бірі жылдам жүгіруге бейім болса, енді бірінің ағзасы кей тағамды қиын қорытады. Ал кей адам алкогольді аз мөлшерде ішсе де өзін нашар сезінуі мүмкін.

Дегенмен адам бойында белгілі бір генетика ерекшелігінің болуы оның автоматты түрде мықты спортшы болатынын білдірмейді. ДНҚ-сындағы ерекшеліктерді және олардың ағзаға қалай әсер ететінін түсіну спортшыға туа біткен машығын дұрыс қолданып, физикалық қабілетін дамытуға көмектеседі. Сондықтан спортшылар ДНҚ тестін тапсыруға тырысады.

Алайда генетика талдауынсыз-ақ өзіңе жақын спорт түрін таңдауға болады. Ол үшін жаттығу бағдарламасын қазіргі физикалық ерекшелікке, дене бітіміне қарай бейімдеп алу. Мұны ғылымдағы соматотип ұғымымен түсіндіруге болады.

  • Соматотип — адам дене бітімінің ерекшелігін түсіндіретін ұғым. Хит-Картер формуласы бойынша, соматотиптің үш негізгі түрі бар: эктоморф, эндоморф және мезоморф. Дегенмен адамдардың басым бөлігінде осы үш тип белгілері аралас кездеседі. Жаттығу арқылы адамның дене бітімін белгілі бір деңгейде өзгертуге болады.

Соматотипті қалай білуге болады?

Эктоморф — дене бітімі арық, май мөлшері аз адамдарға тән тип. Олардың метаболизмі жылдам болғанымен, бұлшықет массасын арттыру қиын болуы мүмкін. Сондықтан кеуде тұсы жалпақ, бұлшықеті әлсіздеу көрінеді.

Эндоморф — дене бітімі мығым әрі ірі денелі адамдарға тән. Олар бұлшықет пен майды оңай жинайды, бірақ метаболизмі баяу болғандықтан, артық майдан арылу қиынырақ болуы мүмкін.

Мезоморф — бұлшықеті жақсы дамыған, дене пішіні үшбұрышқа ұқсас адамдарға тән тип. Олардың метаболизмі жылдам, ал бұлшықет жасушалары жаттығуға жақсы жауап беріп, бұлшықетті тезірек әрі айқынырақ дамытуға мүмкіндік береді.

Спортқа бейімделгісі келетін жан бұл ерекшеліктерді білгені абзал. Себебі бір жаттығу бағдарламасы мен диета әр адамның ағзасына бірдей әсер етпейді. Сондықтан спортта жоғары нәтижеге жеткісі келетін адам жаттығуын өз дене бітімі мен физикалық ерекшеліктеріне бейімдегені жөн. Көп күш жұмсап, салыстырмалы түрде аз нәтижеге жететін жандардың аңғармайтын тұсы осы.

Демек спортта жетістікке жету үшін адамның ДНҚ-сын білу жеткіліксіз. Көп жағдайда адам генетика ерекшелігіне сай келетін жаттығуларды дұрыс таңдамайды. Ал жақсы нәтиже сол жаттығулардан көрінуі мүмкін.

Кез келген спорт түрінде тұрақты жаттығу, шеберлік пен дұрыс техника да маңызды рөл атқарады.

***

Тағы оқыңыз: 

Кеш ұйықтау салмақ қосуға қалай әсер етеді? Эндокринолог жауап берді

Жаңартылды:

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?