Әлжелілерде Қазақстанның 14 азаматы қақтығыс аумағынан Ресейдегі Қазақстан елшілігіне жеткізіледі деген ақпарат тарады. Алайда Сыртқы істер министрлігі бұл мәліметті жоққа шығарды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Ведомствоның ресми өкілі ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл мәселе азаматтарының тағдырына алаңдаулы туыстары үшін аса маңызды.
СІМ тексерілмеген ақпараттың таралуы жақындарынан хабар күткен отбасыларды адастырып, негізсіз үмітін оятуы мүмкін екенін атап өтті. Мұндай мәліметтер азаматтарды қорғау бағытындағы министрліктің жұмысына кері әсер етуі ықтимал.
Қазіргі уақытта Қазақстан СІМ Ресей тарапымен түрлі деңгейде жұмыс жалғастырып жатыр. Ведомство жағдайдың тұрақты бақылауда екенін айтып, жұмыстың нәтижесі туралы қосымша ақпарат берілетінін хабарлады.
Министрлік азаматтар мен БАҚ өкілдерін тек ресми дереккөздерге сүйенуге шақырды.
СІМ Қазақстан заңнамасында жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.
Еске салайық, бұған дейін СІМ тексеру аяқталғаннан кейін азаматтардың жинақталған тізімі Ресейге жіберіледі деген еді.