Басты бет / Жаңалықтар /
қан қысымы, дәрігер
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Қазақстанда емхана жұмысын бағалау жүйесі өзгереді

Қазақстанда медициналық-санитариялық алғашқы көмек (МСАК) ұйымдарының жұмысын бағалаудың бірыңғай жүйесі енгізіледі. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Емделушінің емханадағы жағдайы да бағаланады

Енді емханалар қызметі тек көрсетілген медициналық көмектің көлеміне емес, емделушінің нақты ем, кеңес алу нәтижесіне қарай бағаланады.

Жаңа жүйе бойынша емханалар жұмысы 100 балдық шкала арқылы бағаланады. Көрсеткіштер денсаулық сақтау саласының ақпарат жүйелеріндегі деректер негізінде тоқсан сайын автоматты түрде есептеледі.

Бағалау кезінде емделушінің бейінді маман қабылдауын қанша уақыт күткені, қажет диагностикалық зерттеулерден уақтылы өткені және стационардан шыққаннан кейін медициналық бақылауда болғаны ескеріледі.

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова осы өзгеріске пікір білдірді:

«Біз емханалардың жұмысын формалды бағалаудан бас тартуымыз керек. Басты критерий – көрсетілген медициналық көмектің сапасы, яғни пациенттің нақты қандай нәтижеге қол жеткізгені: қажетті маманға қаншалықты жылдам барғаны, диагностикадан уақтылы өткені және емделгеннен кейін бақылауды жалғастырғаны. Ол үшін деректер автоматты түрде әрі объективті қалыптасуы керек. Қазіргі таңда ақпарат бірнеше цифрлық ресурста орналасқан. Сондықтан біздің міндетіміз – оларды интеграциялап, бірыңғай бағалау жүйесін қалыптастыру».

Аурудың алдын алу шараларына да басымдық беріледі

Жаңа бағалау жүйесінде аурулардың алдын алу және оларды ерте анықтау жеке блок ретінде қарастырылады.

Атап айтқанда, балаларды жоспарлы екпемен қамту, скриниңнен өту, сүт безі, жатыр мойны және колоректалдық обырға күдік болған жағдайда диагностиканың уақтылы аяқталуы ескеріледі.

Емделушілердің кері байланысы да маңызды көрсеткіштердің бірі. Медициналық көмектің барлығы пайдалана алатындай әрі түсінікті болуы, емделушінің өз диагнозы мен емдеу жоспарын түсінуі және емнен кейін денсаулық жағдайының жақсарғанын сезінуі бағаланады.

Тегін медициналық көмектің қандай түрлері көрсетіледі?

МСАК стандартының жаңа редакциясында бастапқы медициналық көмек деңгейінде көрсетілетін қызметтердің көлемі де нақты айқындалады.

Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне (ТМККК) кіретін қызметтер емделушінің МӘМС жүйесіндегі мәртебесіне қарамастан көрсетіледі.

Олардың қатарында:

  • бастапқы буын мамандарының қабылдауы;
  • дәрігерге дейінгі тексеру;
  • жедел медициналық көмек кабинеті қызметтері;
  • жалпы қан және зәр талдаулары;
  • ЭКГ;
  • флюорография;
  • тізбеде көзделген басқа да зерттеулер бар.

Емделушінің тек нәтижелерді алу үшін емханаға қайта келу қажетін азайту көзделген. Тексеру нәтижелері мен алғашқы қабылдау қорытындысы бойынша ұсынымдар медициналық цифрлық жүйе арқылы емделушінің жеке кабинетіне автоматты түрде жіберіледі.

МӘМС арқылы қандай қызметтер көрсетіледі?

МӘМС жүйесінде МСАК деңгейінде кеңес беру, диагностикалық, алдын алу және емдеу қызметтерінің кең спектрі ұсынылады.

Олардың ішінде зертханалық диагностика, ЭКГ, маммография, Холтер және қан қысымын тәулік бойы бақылау, патронаж, қашықтан кеңес беру және мобильдік бригадалар жұмысы бар.

Жаңартылды:

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?